СҚО-да мониторингтік топтар 19 адамға 1,1 млн теңге айыппұл салды

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында мониторинг барысында дәмханалар мен мейрамханалардың жаңажылдық корпоративтерге тапсырыс қабылдап жатқаны анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Арман Күшбасовтың айтуынша, 1 қарашадан бастап өңірде мониторингтік топтар 139 рейд жүргізген. Нәтижесінде 766 нысан тексерілді. Талаптарды бұзған 19 тұлға жауапкершілікке тартылып, оларға жалпы сомасы 1 млн 123 мың теңге мөлшерінде айыппұл салынды.

«Біз жағдайды бақылауда ұстап отырмыз. Қазіргі шектеу шаралары эпидахуалды қалыпта ұстауға мүмкіндік беріп отыр. Егерде ауырғандар саны күрт артатын болса, онда әрине, шектеу шаралары тағы да қатаңдатылады. Алайда мұның бәрі сіз бен бізге қатысты. Егер де талаптарды ұстансақ, вакцина алсақ, ойын-тойларды қысқартсақ – жағдай жақсарады. Қазір біз мейрамханалар мен дәмханаларға мониторинг жасап жатырмыз. Олардың барлығы жаңажылдық корпоративтерге тапсырыстар алып қойған. Бұл – асығыстық. Егер де біз осылайша «қызыл» аймақта отырсақ, онда жаңажылдық кештердің өтуі екіталай, оған рұқсат бермейміз. Тәжірибе көрсеткендей, әр мерекеден кейін бізде ауырғандар саны күрт артады», - дейді Арман Күшбасов.

СҚО 1,5 айдан бері «қызыл» аймақта тұр. Ел бойынша күнделікті жұқтырғандар санынан алда келеді. Мәселен өткен тәулікте коронавирус жұқтырудың 149 жағдайы тіркелген. Екі сырқат көз жұмып, қайтыс болғандар саны 345-ке жетті.


Соңғы жаңалықтар