СҚО-да мереке күндері травматологияға 167 адам жүгінген

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында соңғы 5 күн ішінде Петропавл қалалық көпсалалы аурухананың жарақат бөлімшесіне 167 адам қаралған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

31 желтоқсан мен 4 қаңтар аралығында облыс орталығындағы көпсалалы ауруханаға жарақат алған 167 адам қаралды. Соның 75-і көшеде жарақаттанған. Яғни бірі көшеде тайып құлап, аяқ-қолын зақымдаса, енді бірі қатты аяздан үсік алған.

«167 адамның 12-сі ауруханаға жатқызылды. Соның ішінде жетеуін үсік шалған. Олардың бесеуін травматологиялық бөлімшеге жатқыздық, біреуі жансақтау бөліміне түсті. Қатты үсік алған оның жағдайы ауыр. Қазір тиісті ем-домды алып жатыр. Үсік шалғандардың басым бөлігі, яғни 90% тұрғылықты мекенжайы жоқ адамдар. Жастары орта есеппен 50-60-та», - дейді көпсалалы қалалық аурухананың травматолог-ортопеді Вали Бедешов.

Маманның айтуынша, биыл үсік шалғандар көп. Қазір жарақат бөлімшесінде осындай 50-60 адам ем алып жатыр.

«Негізінен саусақтарын, қолдарын үсік шалған. Аяқтары зардап шегеді. Көпшілігі бізге мас күйде түседі. Оларға ағзаны нығайтатын препараттар беріледі. 7-8 күндей емдейміз, болмаған жағдайда үсіген жерін ампутациялауға тура келеді», - дейді дәрігер.

Үсік алудан сақтанудың тиімді жолы – қатты аяздарда мүмкіндігінше үйден шықпау. Дәрігер дүкенге, жұмысқа бару керек болған жағдайда қалың әрі ыңғайлы киінуге кеңес береді. Әсіресе аяқ киімге мән беру қажет. Қысқы аяқ киім жылы, әрі бостау болғаны жөн.


Соңғы жаңалықтар