СҚО-да мереке күндері тәртіпті сақтауға қанша полицей жұмылдырылады

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында мереке күндері қоғамдық тәртіп пен жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету, жолдарда жүргізушілерге көмек көрсету мақсатында 500-ден астам тәртіп сақшысы кезекшілікке түседі, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, полицейлер барлық мереке күндері күшейтілген түрде қызмет атқарады. Күн сайын облыста 500-ден астам полиция қызметкері кезекшілікке түседі.

Негізгі жүк қалалық тәртіп сақшыларына артылмақ. 31 желтоқсан сағат 8.00-ден 1 қаңтар сағат 8.00-ге дейін Петропавл жолдарында 31 автопатруль тәртіпті қадағалайды. Сондай-ақ, қалалық патрульдік полиция батальонінің қызметкерлері стационарлық модульдерде кезекшілік атқарады. Көшелердегі құқықтық тәртіп жаяу жасақтар құрамындағы 170-тен астам полиция қызметкері мен Ұлттық ұланның әскери қызметшілерінің бақылауында болады. 37 қызметкер жаңа жылды далада қарсы алмақ. Олар Петропавлдағы орталық алаңдарда, шырша жанында кезекшілік етіп, мерекені қарсы алуға келген адамдардың қауіпсіздігін сақтайды. Жалпы, жаңа жыл түнінде Петропавлдағы құқықтық тәртіпке 135 полицей мен 75 әскери қызметші – барлығы 210 адам жауап береді.

СҚО ПД бастығының бірінші орынбасары Қанат Айтбаевтың айтуынша, басты міндет – мереке күндерінде облыс тұрғындарының Жаңа жыл мейрамын тыныш қарсы алуын қамтамасыз ету.

Синоптиктердің болжамы бойынша СҚО-да алдағы мереке күндері қатты аяз болмақ. Сондықтан полицейлер мен құтқарушылар бұл күндері алыс жолға шықпауға, шыққан күнде де жүргізушіге аса қажет заттарды алып жүруге кеңес береді.


Соңғы жаңалықтар