СҚО-да мереке күндері полицияға қоңыраулар саны 1,5 мыңға жуықтаған

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында полицейлер үш күн демалыста 1478 телефон қоңырауын қабылдап, 340-ына жедел әрекет етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, ведомство мереке күндеріндегі кезекшілікті қорытындылады. Петропавлда ғана бір тәулікте полицейлер мен Ұлттық Ұланның әскери қызметшілері сапынан 260 адам кезекшілік етті. Олар 5 модульде, 58 жаяу патрульде және екі ауысымда 17 автопатрульде жұмыс істеді.

Бұл күндері Петропавл қалалық полициясының жедел басқару орталығы да бейнекамералар арқылы қоғамдық тәртіпті және жол қауіпсіздігін қадағалады. Нәтижесінде тек бейнекамералар арқылы ғана 141 әкімшілік заңбұзушылық тіркелді. Оның 101-і жолда жүру ережелерін бұзуға, қалғаны қоғамдық орындарда спирттік ішімдікті ішуге қатысты. Екі ұрлықты және бір бұзақылықты ашуға мүмкіндік беретін деректер анықталды.

«Демалыс күндері әдеттегідей өтті. «102» каналына 1478 телефон хабарламасы түсті. Оның 340-ына жедел әрекет ету қажет болды. Соның ішінде 16-сы ұрлыққа және 19-ы отбасылық жанжалға қатысты болды», - дейді СҚО ПД штабы бастығының орынбасары Бақытжан Әлбеков.

Айта кетейік, мереке емес күндері СҚО-да полицияға бір тәулікте орташа 300 қоңырау түседі.


Соңғы жаңалықтар