СҚО-да мереке қарсаңында жас полицейлер ерлік жасаған әріптестерімен кездесті

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Тәуелсіздіктің 30 жылдығы мен Конституция күні қарсаңында ерлік жасаған солтүстікқазақстандық полицейлер жас әріптестерімен кездесу өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, кездесу бейнеконференция форматында өтті. Жас қызметкерлермен әңгімелесуге бес полицей келді. Олардың барлығы қоғамдық тәртіпті сақтауда «алдыңғы шепте» жүретін бөлініс – патрульдік полиция қатарында қызмет етеді. Олардың жұмысы жолдағы қауіпсіздікті бақылаумен ғана шектелмейді. Патрульдік полиция шақырту бойынша алғашқының бірі болып оқиға орнына келеді, қажет болған жағдайда шұғыл әрекет етіп, адам өмірін аман сақтап қалатын шешім қабылдауы қажет.

Руслан Акматов өз-өзіне қол жұмсауға шақ тұрған бойжеткенді аман алып қалды. Сол үшін Есіл өзені арқылы өтетін көпірдің 25 метрлік аркасына шығуына тура келген.

Сұлтан Қуанышев пен Ерлан Данкин адамдарды өрттен құтқарып қалды.

Азат Зейнолов улы иіске толы кессонға түсіп, қабырғаны сырлап жатып уланған екі ер адамды алып шықты.

Қанат Фазылов 2016 жылы жол-көлік оқиғасында зардап шеккен әйелді құтқарған. Есіл ауданында отбасы мінген Audi көлігі жолдан шығып кетіп, аударылған, жол шетіндегі көлге құлаған. Уақтылы жеткен полицейлер мен сол маңдағы адамдар суға толған салон ішінен қауіпсіздік белдігін кесіп, ессіз күйдегі әйел жолаушыны жолға алып шыққан. Қанат Фазылов оны жасанды демалдырып, жүрегіне массаж жасаған, кейін әйел есін жиып, өз-өзіне келген.

«Біз погон таққаннан кейін адамдардың өмірлері мен денсаулықтары үшін жауаптымыз. Біздің әр адам өзін қауіпсіз сезінуі үшін қызмет етеміз», - дейді Қанат Фазылов.

Қанат – Тәуелсіздіктің құрдасы. Бүгін ол полиция аға лейтенанты, бірақ офицер атағын алғанға дейін адамдарды оттан құтқарған, суицидтің алдын алған және «Ерлігі үшін» мемлекеттік наградасымен марапатталған.

«Батылдық пен кәсібилік полицейлерге үлгі болуы қажет. Осындай іс-шаралар жеке құрамды патриоттыққа тәрбиелейді, рухтарын көтереді, әріптестеріне және жерлестеріне деген мақтаныш сезімін ұялатады», - дейді СҚО ПД бастығы Марат Төлебаев.


Соңғы жаңалықтар