СҚО-да мемлекеттік рәміздер күніне орай бірнеше акция өтті

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында Мемлекеттік рәміздер күніне орай бірнеше акция өтті. Петропавлдағы көпқабатты үш үйдің тұрғындары балкондарына ту ілсе, жастар түрлі флешмоб өткізіп, сауда орындарының маңында халыққа жалау таратты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Петропавлдағы М.Жұмабаев көшесіндегі 101-үй, Н.Назарбаев көшесіндегі 119-үй және Ш.Уәлиханов көшесіндегі 46-үйдің балкондарында кешеден бері көк ту желбіреп тұр. Қалалық әкімдіктің мәліметінше, бұл – пәтер иелері кооперативі мен тұрғындардың бастамасы.

Сондай-ақ бүгін мерекеге орай Петропавлдың орталық алаңында мемлекеттік рәміздерге құрмет көрсетілді. Тұғырға салтанатты түрде СҚО-дағы ең үлкен көк байрақ көтерілді. Флагштоктың ұзындығы – 50 метр, тудың ұзындығы 10 метр болса, ені – 5 метр.

«Ту көтеру рәсіміне 30-ға жуық волонтер қатысты. Жалпы біздің мақсатымыз – жастар бойында патриоттық сезімді ояту. Сонымен қатар, сауда және ойын-сауық орталықтарының жанында волонтерлер автокөліктерге арналған жалауларды тегін таратады. 400 жалау дайындадық», - дейді Петропавл қалалық жастар ресурстық орталығының директоры Әлфараби Мыңбай.

Ал мемлекеттік мекемелер жұмыс күнін Әнұран айтумен бастады. Солардың ішінде Солтүстік Қазақстан облысы бойынша қылмыстық атқару жүйесі департаментінің 400-ге жуық қызметкері де бар.

Департамент ғимаратында, сондай-ақ облыс мекемелерінде қызметшілер бір мезгілде әнұранды шырқап, Мемлекеттік рәміздерге құрмет көрсетті.

«Көңіл-күй көтеріңкі. Осыдан бір жыл бұрын Әнұран орындалғаннан кейін Отаныма адал қызмет етуге ант қабылдап, жұмысқа орналасқан едім. Әріптестерімді, барлық қазақстандықтарды бүгінгі мерекемен құттықтаймын. Мемлекеттік рәміздер – біздің елдігіміздің белгісі, оны құметтеу – әркімге парыз», - дейді СҚО бойынша ҚАЖД ЕС-164/6 мекемесінің бақылау қызметі бөлімінің бақылаушысы Данагүл Досанова.


Соңғы жаңалықтар