СҚО-да мемқызметшілер жұмыс уақыты аяқталса да, неге үйлеріне қайтпайды

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысы бойынша мемлекеттік қызмет істері департаментінің мамандары меморгандарды сауалнама жүргізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Департаменттің мемқызмет саласындағы бақылау басқармасының бас маманы Сұлтан Магомедовтың айтуынша, сауалнаманың мақсаты – мемқызметкерлердің өз міндетінен артық жұмыстарға тартылатын немесе тартылмайтынын анықтау. Сауалнама сұрақтарына 10 мекеменің қызметкерлері жауап берген.

«Сауалнаманы аталмыш мекемелерде жұмыс істейтін 348 мемқызметші толтырды. Олардың жартысына жуығы жасырын жауап берді», - дейді С.Магомедов.

Мемқызметшілерге «Басшылық мереке немесе демалыс күндері жұмысқа шығуға мәжбүрлей ме?» деген сияқты сұрақтар қойылған. «Жұмыс уақыты аяқталса да, кеңседе қалып әрі қарай жұмыс істеуге не себеп?» деген сұраққа көбісі жұмыстың, жүктеменің көптігін, мамандар тапшылығын, шұғыл тапсырма түскенін, есеп дайындау керектігін, басқа да себептерді тізіп шыққан.

«Соттар әкімшісі, мемкірістер департаменті, кәсіпкерлік және туризм, мәдениет, архив және құжаттама, энергетика және ТКШ басқармаларының қызметкерлері мереке және демалыс күндері жұмысқа шығатындарын мойындаған», - деп атап өтті бас маман.

Әдеп кеңесінің төрағасы Елена Степаненконың айтуынша, аталмыш меморгандарда қайтадан сауалнама жүргізіп, жағдайдың қалай өзгергенін байқау керек және тиісті шаралар қабылдау қажет.





Соңғы жаңалықтар