СҚО-да мектептерді күрделі жөндеуге 2,4 млрд теңге бөлінді

None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Биыл Солтүстік Қазақстан облысында білім беру нысандарын күрделі жөндеуге 2,4 млрд теңге бөлінсе, соның 1,9 млрд теңгесі «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы бойынша берілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО әкімдігінің отырысында білім беру нысандарының жаңа оқу жылына дайындығы пысықталды. Өңірде 472 мектеп бар, биыл оқушы саны 75 мыңға жетпек. Өткен жылмен салыстырғанда 500 балаға көп. 7,3 мың бүлдіршін алғаш рет мектеп табалдырығын аттайды.

Биыл білім ордаларын күрделі жөндеуге 2,4 млрд теңге бөлінді. Оның 1,9 млрд теңгесі «Ауыл - ел бесігі» бағдарламасы бойынша берілді. Бұл қомақты қаражатқа 26 мектеп жаңартылады.

«Негізінен кешенді жұмыстар атқарылып жатыр: шатыры, терезелері, жылу беру жүйесі мен электр сымдары ауыстырылады. Ішкі және сыртқы әрлеу жұмыстары жүргізіледі. Атқарылып жатқан жұмыстардың сапасы және кестеге сай жүргізілуі мониторингтік топтардың бақылауында.

Қысқы жылыту мауысымына да дайындық жүргізіліп жатыр. Барлық білім беру мекемелерінің 84 % дайындық құжатын алды. Қалғандарында жылыту қазандықтары, жылу беру жүйесі ауыстырылып жатқандықтан бұл жұмыстар кешеуілдейді», - дейді СҚО білім басқармасының басшысы Нәзір Жәшібеков.

Өңір мектептері қыстан қысылмай өтуі үшін 1 млрд теңгеге 100 мың тоннаға жуық көмір алынбақ. Оның 61 мыңнан астамы түсірілді.

«Білім беру мекемелеріндегі қауіпсіздік те басты орында. Барлық мектеп-балабақша, колледждер бейнебақылау жүйесімен қамтылған. Биыл бұл жұмысқа қосымша 50 млн теңге жұмсалды. Жедел қызмет көрсету орталығына қазір 377 білім беру мекемесі қосылса, қыркүйек айында олардың қатары тағы 26-ға көбейеді.

«Дабыл түймешесін» орнату жұмыстары да жүргізіліп жатыр. Былтыр олардың саны 224 болса, биыл 388-ге жетпек», - дейді Нәзір Жәшібеков.


Соңғы жаңалықтар