СҚО-да мектеп автобустарының техникалық жағдайы тексеріліп жатыр

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында балалардың жол-көлік жарақатының алдын алу және қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында мектеп автобустарының техникалық жағдайы тексеріліп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Мамлютка қаласында полицейлер аудандық білім бөлімімен бірге балаларды мектепке тасымалдайтын көлік құралдарын тексерді. Ауданда ауылдық округтер мен аудан орталығындағы мектептер мен интернаттарға балаларды апаратын 10 «ГАЗель» және 2 «ПАЗ» автобусы бар. Тәртіп сақшылары автобустардың техникалық жағдайын, нақтырақ айтқанда, сары жарқылдауық маяктың бар болуын, тану белгілерін, артқы есіктердің қолжетімді болуын, дәрі қобдишасын, өрт сөндіргішті, сондай-ақ көлік дөңгелектерінің резеңкесін тексерді.

Тексеру нәтижесі бойынша ауылдық округтердің бірінің «ГАЗель» көлігінің жүргізушісіне кемшіліктерді жою жөніндегі акт жазылды және дөңгелектерінің резеңкелері тиісті жағдайда болмағандықтан көлікті пайдалануға тыйым салынды. Кемшілік келесі күні жойылды. Дөңгелектер алмастырылды.

Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету СҚО ПД Жергілікті полиция қызметі басқармасының ұдайы бақылауында. Облыстық патрульдік полиция батальонының қызметкерлері мектеп автобустары ҰБТ-ға, жарыстарға, экскурсияларға барған уақытта үнемі ілесіп жүреді. Бұл аса жауапты жұмыс. Мысалға, 2019 жылдың мамыр айында Рощинское еджі мекенінің маңында республикалық автожолда Петропавлдан 11 баланы Тайыншаға апара жатқан «ГАЗель» автокөлгінің капоты астынан түтін шыққан. «Lada Vesta» қызметтік автокөлігімен балаларға ілесіп жүрген патрульдік полицейлер Жігер Балтабай мен Батырхан Молдажанов шұғыл әрекет етіп, жазатайым оқиғаның алдын алды. Қаңтар айының басынан облыс полицейлері балалар мінген автобустарды 7 рет барар жеріне жеткізген.

Жалпы былтыр СҚО-да балалардың қатысуымен 53 жол-көлік оқиғасы тіркелген, салдарынан 4 бала қайтыс болған және 61-і жарақат алған.


Соңғы жаңалықтар