СҚО-да медсақтандыру ұжымы мереке тойлаудың орнына балаларға қуаныш сыйлады

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ филиалы қызметкерлері жаңа жыл мерекесін ұжым болып мейрамханада тойлаудан бас тартып, оның орнына №13 орта мектепте «Балаларға қуаныш сыйла» қайырымдылық акциясын өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«ӘМСҚ» КЕАҚ СҚО бойынша филиал баспасөз қызметінің хабарлауынша, қор ұжымы бұл шешімді бірауыздан қолдады. «Балаларға қуаныш сыйла» акциясын өткізу үшін олар Петропавлдағы инклюзивті бағыттағы №13 орта мектепті таңдаған. Тәуелсіздік күні мерекесінде медициналық сақтандыру қоры филиалының өкілдері «Жас Ұлан» балалар мен жасөспірімдер ұйымының қатарына қабылданған 16 оқушыға көгілдір галстук тағып, оқуда табыс тіледі.

«Қазақстан халқы үшін бұл мерекенің мәнісі зор. Әрқайсымыз үшін Отан – оттан ыстық. Ал осы еліміздің болашағы сендердің қолдарыңда. Біздің ұжым сендердің жетістіктеріңді атап өтуді жөн көрді. Бұл күні ешкім сыйлықсыз қалмайды», - деді балаларды мейраммен құттықтаған «ӘМСҚ» КЕАҚ СҚО бойынша филиалының бөлім басшысы Мұрат Жәкенов.

Оқуда озат, қоғамдық өмірде белсенді оқушыларға қалам-блокноттар, ұялы телефондарға арналған аксессуарлар табыс етілді. Қор ұжымының қаражаты есебінен кәсіби микрофондар, жылжымалы проектор және микрофонға арналған тіреу сатып алынып, мектепке көмек ретінде сыйға берілді.

«Біз сыйлық жасамас бұрын мектеп әкімшілігімен кездесіп, ақылдастық. Балалардың ән айтуды жақсы көретінін білгеннен кейін, ұжыммен кеңесе отырып, осындай кәсіби құрал-жабдықтарды сыйға тартуды шештік», - дейді Мұрат Жәкенов.

№13 орта мектепте 20 жылдан астам өз қатарластарымен бірге тірек-қимыл аппараты зақымданған балалар да білім алып келеді. Бұл жерде олардың оқуына, жан-жақты дамуына бар жағдай жасалған.

Соңғы жаңалықтар