СҚО-да медициналық пойызда 15-20 жыл дәрігерге көрінбеген тұрғындар қаралды

None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында «Саламатты Қазақстан» медициналық пойызы жұмыс істеп жатыр. 10 маусымнан бері дәрігерлер 17 мыңнан астам тұрғынды тексерді. Ал 3 мыңнан астам адамға алғашқы медициналық және консультативтік көмек көрсетілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Саламатты Қазақстан» медициналық пойызы СҚО-да тоқтаған соңғы станция – Дәуіт елді мекені. Қазақстанның шалғай ауылдарының тұрғындарын қамтуды мақсат еткен «дөңгелекті емханада» еліміздің жеке клиникаларында еңбек ететін жоғары білікті дәрігерлерге көрінуге болады. Пойызда барлық қажетті жабдықтар, сондай-ақ өзінің зертханасы бар, барлығы 7 вагон болса, соның төртеуінде дәрігерлер жұмыс істейді. Терапевт, акушер-гинеколог, педиатр, кардиолог, невропатолог, окулист, ЛОР, гинеколог, хирург, уролог, маммолог, стоматолог сияқты мамандар қабылдау жүргізеді.

Дәуіт станциясының тұрғындары бұл мүмкіндікті пайдаланып қалды.

«Таңертең анализдерді тапсырдым, терапевт, УДЗ маманы, окулисте болдым. Дәрігерлер денсаулығымда кінәрат жоқ деді. Медициналық пойызды біздікіндей шалғай елді мекендерге жібергеніне көп рахмет. Бұл уақыт пен ақшаны үнемдейді. Сондықтан жобаны ұйымдастырушыларға және пойыздың барлық медициналық қызметкерлеріне шын жүректен алғыс айтамын», - дейді жергілікті тұрғын Әзімбай Мырқасов.

СҚО-да медициналық пойызға 6 станцияның тұрғындары тексерілді. Алғашқы медициналық және консультативтік көмекті 3 108 адам алды, олардың 402 - сі бала. Жалпы, дәрігерге 17 337 тұрғын қаралған.

Дәрігерлердің айтуынша, СҚО тұрғындарында көбінесе ұйқы безінің ірің кернеген ісігі, периапикальды тіндердің аурулары, бүйрек және несеп тастары, созылмалы обструктивті пиелонефрит, тұзды диатез аурулары анықталады. Ал мамандардың ішінде хирургке, лорға, офтальмологқа және стоматологқа сұраныс жоғары.

Медицина мамандары тексеру барысында сирек кездесетін ауруларды да анықтаған. Мәселен станциялардың бірінде жас қызға эхинококк диагнозы қойылды.

«Эхинококк – таспа құрттың бір түрі, бауырға, өкпеге және сүйектерге әсер ететін личинкалар киста сияқты болады. Науқаста ешқандай белгілер болған жоқ. Ол жай ғана тексеруден өтті, ультрадыбыстық зерттеу кезінде біз онкологияға күдіктендік, КТ-ға жолдама бердік, ол ештеңе анықтамады. Осыдан кейін олар оны МРТ-ға жіберді, ол эхинококты көрсетті. Сондай - ақ, ол жергілікті емханада есепке тұрып, Облыстық ауруханада ота жасау үшін порталда тіркелді», - дейді «Саламатты Қазақстан» медициналық пойызының жетекшісі Аман Қасенов.

Акушер-гинеколог Гүлмира Бердәлі 2 айдан астам уақыт бойы медициналық пойызда қабылдау жүргізіп келеді.

«Өкінішке орай, ауылдарда тұратын әйелдер жұмысбастылықпен әрі шалғай болғандықтан гинекологқа сирек барады. Маған 15-20 жыл дәрігерге қаралмаған әйелдер келді, ал гинекологиялық тексеру жылына кемінде бір рет жүргізілуі керек. Біз оларды тексереміз, ауруларды анықтаймыз, кейбіріне өзіміз ем жасасақ, енді бірін облыстық клиникаларға қосымша кеңеске жібердік», - дейді дәрігер.

«Медициналық пойыздар» жобасы алғаш рет 2010 жылы іске қосылды. Пандемияға байланысты үзіліс жасауға мәжбүр болды. Жалпы, 10 маусымда жолға шыққан «Денсаулық», «Жәрдем» және «Саламатты Қазақстан» консультативтік-диагностикалық үш пойызы Қазақстанның 1700-ден астам шалғай өңірін аралап, 489 мыңға жуық тұрғынды тексерді.

Жоба «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту Қорының қаржылық қолдауының және ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің қатысуымен «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобының атынан «Қазақстан Темір Жолы» ҰК АҚ жанындағы «әлеуметтік жобалар қоры» Корпоративтік қорымен ынтымақтастықтың арқасында мүмкін болды.

«Саламатты Қазақстан» пойызы СҚО-дан шығып, көрші Қостанай облысына барады, онда 9 станцияның тұрғындарын қабылдамақ.


Соңғы жаңалықтар