СҚО-да майлы дақылдар жинау аяқталды

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында биыл егін орағы жылдағыдан ерте аяқталып, диқандар жаздағы қуаңшылық пен карантинге қарамастан жақсы өнім алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бүгін СҚО әкімдігінің отырысы өтіп, күзгі орақ науқаны қорытындыланды. Биыл диқандар маңызды әрі жауапты жұмысты тәжірибе мен іскерліктің арқасында ойдағыдай, әрі мерзімінен ерте аяқтады. Мәселен былтыр шаруалар бидай орағын тек 29 қазан бітірсе, биыл науқанды 3 қазанда аяқтады. Майлы дақылдарды әдеттегідей қараша айына дейін созбай қазан айының соңында қамбаға құйды.

«Агротехникалық іс-шараларды толық қолдануға және мерзімінде аяқтауға мемлекеттік қолдау сеп болды. Биыл ауыл шаруашылығын дамытуға 48,6 млрд теңге жұмсалды. Бұл өткен жылғыдан 23% артық. Бұл қаражаттың жартысы өсімдік шаруашылығына жұмсалды. Нәтижесінде карантин мен құрғақшылыққа қарамастан жақсы өнім алынды», - деді СҚО әкімі Құмар Ақсақалов.

Биыл алқаптан әр гектардан орташа 15 центнерден, барлығы 4,5 млн тонна бидай және әр гектардан 8,5 центнерден - 785,8 мың тонна майлы дақыл жиналды. Мамандардың айтуынша, бидайдың сапасы өте жақсы, өнімнің 67% 1-3 классты бидай құрайды.

«Мемлекеттік қолдауды тек алқаппен дұрыс жұмыс істейтін кәсіпкерлер ғана алады. Субсидия оларды ынталандыру үшін беріледі. Алайда аграршылар өз міндеттемелерін де ұмытпаулары қажет. Яғни жұмысшыларының еңбекақыларын өсірулері керек. 9 айдың қорытындысы бойынша оның 17% артқанын көреміз. Кәсіпкерлер ауыл тұрғындарының пайларын беріп қана қоймай, атқарылған жұмысқа есеп берулері тиіс», - деді өңір басшысы.

Құмар Ақсақалов аудан басшыларына да бірқатар тапсырма жүктеді. Елді мекендерде табыс техниканы жаңартып, жаңа кәсіпорындардың ашылуына, соның ішінде жұмыс орындарын құруға бағытталуы керек.

Бүгінде нарықта бидайдың тоннасы орташа 86 мың теңге тұрады, бұл былтырғыдан 23% артық. Арпа 47,5 мың теңгеден 54 мың теңгеге дейін қымбаттаса, зығырдың тоннасы 119 мың теңгеден 184 мың теңгеге дейін жетіп отыр.


Соңғы жаңалықтар