СҚО-да майдангерлерге арналған ескерткіштер демеушілердің қаражатына жөнделіп жатыр

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында Екінші дүниежүзілік соғысқа және майдангерлерге арналған 554 ескерткіш болса, Жеңіс күні қарсаңында олардың барлығы жөнге келтіріліп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО Тарихи-мәдени мұраны қорғау және пайдалану орталығының мәліметінше, мерейтой қарсаңында өңірдегі ҰОС арналған ескерткіштердің сапасы мен жағдайы тексеріліп, жөндеу жүргізуге және маңайын абаттандыруға қатысты ұсыныс берілді. Петропавл қаласында 4 ескерткіште жөндеу жұмыстары аяқталды.

«Мәңгілік алау» мемориалдық кешенінде, Жеңіс саябағы мен қалалық мәдениет саябағындағы және 314 атқыштар дивизиясына арналған ескерткіштерде жөндеу жұмыстары жүргізілді. Оның барлығы демеушілердің қаржысына жасалды. Аптаның соңында Петропавлдағы жауынгерлер жерленген зираттарда сенбілік жүргізіліп, тазаланады», - дейді СҚО Тарихи-мәдени мұраны қорғау және пайдалану орталығының жетекшісі Рақат Мәмбеталинов.

Облыстың аудан-ауылдарында да жауынгерлерге арналған ескерткіштер ауыл тұрғындары мен кәсіпкерлердің күшімен жөнге келтіріліп жатыр. Мәселен Қызылжар ауданы Белое елді мекенінде демеушілер 3 млн теңге қаржы шығарып, ол ақшаға обелиск толық жаңартылды. Ал Қызылжар ауданында әр ауылдық округ әкімдігі осы мақсатқа 500 мың теңгеден бөлді.

«Жөндеу және қалыпқа келтіру жұмыстарымен қатар өмірден озған және көзі тірі ардагерлердің есімдері ескерткіш тақталарға жазылып жатыр. Бұған дейін майдан даласынан оралмаған боздақтардың есімдері ғана қашалып жазылатын. Қазір соғысқа қатысқандардың бәрін ескерткіш тастағы тізімге қосып жатырмыз», - дейді Рақат Мәмбеталинов.

СҚО-да Екінші дүниежүзілік соғыс арналған 554 ескерткіш бар. Оның 12-сі сәулет және мәдени ескерткіштердің жергілікті маңызы бар мемлекеттік тізіміне енген.


Соңғы жаңалықтар