СҚО-да маскүнемдерді сот арқылы мәжбүрлі түрде емделуге жіберіп жатыр

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында ішімдікке салынғандар соттың шешімімен мәжбүрлі түрде ем алуға жіберіліп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, жыл басынан Петропавлдың тәртіп сақшыларына ішімдікке салынған туыстарын емдеуге көмектесуге 100-ге жақын өтініш түскен. 29 жағдайда өтініш берушілер туғандарының «енді арақ ішпеймін» деген сөзіне сеніп, қайтып алған. Алайда, маскүнемдер арасында сөзінде тұратындар саусақпен санарлық. Полицейлердің айтуынша, ерте ме, кеш пе көмек сұраған өтініш қайта түседі екен.

«Маскүнемдер көп жағдайда арақтан бас тартуға асықпайды. Облыс орталығында жыл басынан тек 17 адам ғана ішімдікке тәуелділіктен құтылу үшін дәрігерлердің көмегіне жүгінді. Тағы 32 адам наркологиялық орталыққа мәжбүрлі түрде жеткізілді. Ем алған олардың тек екеуі ғана медициналық мекемеге қайта түсті. Яғни атқарылып жатқан жұмыстар нәтижесін беріп жатыр. Алайда, қайта ішкілікке салынып кетпеуі үшін адамның ерік-жігері болуы қажет. Сондай-ақ қоршаған ортасы мен достарының да алатын орны маңызды», - дейді СҚО ПД Жергілікті полиция қызметі басқармасының бөлім бастығы Александр Розбах.

Полицейлердің айтуынша, мас күйде бірнеше рет тәртіп бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылғандар маскүнем ретінде есепке алынады.

Мәселен, Петропавлдағы Ойқала ауданының 35 жастағы тұрғыны 61 жастағы анасымен тұрады. Ішімдікке салынған оның не отбасы, не тұрақты жұмысы жоқ. Анасының мазасын, шаңырақтың берекесін алған ер адамға тиісті шаралар қолданылғанымен, нәтиже бермеген. Маскүнем есепке алынып, мәжбүрлі түрде ем алды. Қазір ол спирттік ішімдіктерді татып алмайды, жұмысқа да орналасыпты.

СҚО-да жыл басынан бері қоғамдық орындарда спирттік ішімдік ішіп, жүргені үшін 7174 адам жауапкершілікке тартылған. 141 адам мәжбүрлі түрде ем алуға жіберілсе, тағы 41-іне қатысты соттың шешімі жақында заңды күшіне енбек.

Соңғы жаңалықтар