СҚО-да марал атып алған браконьерлер ұсталды

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысы Есіл ауданында учаскелік полиция инспекторлары маралды атқан екі адамды ұстады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, 8 мамыр күні сағат 23.00 шамасында учаскелік полиция инспекторлары Әсет Тоқтабаев пен Сергей Емельянов Александровка елді мекенінің маңында бейсауат жүрген көлікті байқап қалады. Машинада екі адам болған, салонды тексеру кезінде көліктің артқы орындығында аңшы мылтығы жатқан. Ал жүк салғыштан маралдың еті табылды. Оқиға орнына бірден Есіл аудандық полиция бөлімінің жедел-тергеу тобы шақырылды.

«32 жастағы ауыл тұрғыны және 38-дегі петропавлдық аңды атып алғанын бірден мойындады. Заңсыз аңшылыққа байланысты сотқа дейінгі тергеу басталды. Көліктен сондай-ақ оқ-дәрі және сыра бөтелкелері табылып, тәркіленді. Күдіктілер келу туралы міндеттемемен жіберілді», - дейді СҚО ПД табиғатты қорғау тобының аға инспекторы Асқат Қожабаев.

Жалпы облыста жыл басынан бері заңсыз аң аулауға қатысты 10 дерек тіркелді. Браконьерлерге қылмыстық жауапкершілік қарастырылған. 200-ден астам тұрғын аң аулау және жануарлар дүниесін пайдалану талабын бұзғаны үшін әкімшілік жазаға тартылды.

«Қазіргі уақытта облыс аумағында аң аулауға тыйым салынған. Аң немесе құсты заңсыз атқандар қылмыстық не болмаса әкімшілік жауапкершілікке тартылады», - дейді Асқат Қожабаев.

Бірер күн бұрын рейд барысында Тайынша ауданында заңсыз аң аулаған Петропавл қаласының тұрғыны ұсталды. Оның жол талғамайтын көлігінен атылған екі дала қазы табылды. Енді аңшы 5 АЕК мөлшерінде айыппұл және табиғатқа келтірген шығынның орнын толтырып, 50 мың теңге төлейді.


Соңғы жаңалықтар