СҚО-да мамыр айында жоғалған ер адамды ауылдасы өлтірген болуы мүмкін

Фото: None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында мамыр айының басында із-түссіз жоғалған Сергей Багинскийдің денесі табылды. Қылмыс жасады деген күдікпен Келлеровка ауылының тұрғыны қамауға алынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Тайынша ауданы Келлеровка ауылында із-түссіз жоғалған 57 жастағы Сергей Владимирович Багинскийдің денесі табылды. Ер адамның қайтыс болу себебін анықтау үшін сот-медициналық сараптама тағайындалды.

Багинскийді ауылдасы өлтірген болуы мүмкін. Кінәсін мойындап, полицияға өзі келген 43 жастағы ер адам қамауға алынды. Осы факті бойынша ҚР Қылмыстық кодексі 99-бабының 1-бөлігі «Адам өлтіру» бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.

«Қазіргі уақытта қылмыстық іс бойынша істің барлық мән-жайын анықтауға бағытталған қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр. Күдіктіге қатысты қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалды», - делінген баспасөз хабарламасында.

Естеріңізге салайық, Сергей Багинский 2 мамыр күні Тайынша ауданы Келлеровка елді мекеніндегі үйінен белгісіз жаққа кетіп, қайтып оралмаған еді. Өздігінен таба алмаған туыстары 8 мамыр күні полицияға хабарласып, көмек сұрады .

Алғашқы іздестіру нәтиже бермегендіктен, бұл жұмысқа ауыл тұрғындары, волонтерлер, белсенділер, мұғалімдер мен өрт сөндірушілер және басқа да мекемелердің қызметкерлері тартылды. Әлеуметтік желіде жоғалған ер адамның бағдары берілді. Багинскийдің денесі шілде айының соңында табылды.


Соңғы жаңалықтар