СҚО-да мамандар су ресурстарының сарқылуына әкелуі мүмкін бірнеше себепті атады

None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында су ресурстарының ластануы мен сарқылуына жол бермеу мақсатында су қорғау аймақтары мен белдеулері белгіленіп жатыр. Биыл екі өзенде осындай жұмыс атқарылса, алдағы үш жылда 4 өзен мен 8 көл қамтылмақ, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының мәліметінше, ҚР Су шаруашылығы саласындағы маңызды проблемалардың бірі - су ресурстарының сарқылуы. Ел халқы «судың да сұрауы бар екенін» түсіне бермейді, суды үнемдемей, оны бақылаусыз жұмсайды.

«Республика аумағында 39 мыңға жуық өзен мен уақытша су ағыны бар. Қазақстандағы барлық өзен ағыны жылына 100 км3 шамасында, ағынның жартысына жуығы көрші мемлекеттердің аумағында қалыптасады. Жер үсті және жер асты сулары тапшылығы жалпы ауданы 245 мың км2 болатын Есіл су бассейнінде бар.

СҚО-да 2,5 мыңға жуық су нысаны бар. Тұрмыста қажетті судың 2/3 бөлігі жер үсті су көздерінен, оның ішінде Есіл өзенінен пайдаланылады. Аймақта тұтынылатын судың шамамен 1/3 бөлігі тұрмыстық қажеттіліктерге, қалған бөлігі ауылшаруашылық, сондай-ақ өнеркәсіптік қажеттіліктерге жұмсалады. Облыстың әр тұрғыны орташа есеппен тәулігіне 55 литр су жұмсайды, ал республика бойынша бұл көрсеткіш тәулігіне 140-160 литрге тең. Оның ішінде қала тұрғындары үшін бұл көрсеткіш 200 литрге жуық, ауыл тұрғындары үшін 70-75 литр, яғни Қазақстанның ауыл халқы қалалықтарға қарағанда суды үш есе аз тұтынады», - дейді СҚО табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының бас маманы Андрей Славный.

Маманның айтуынша, өңірде су ресурстарының сарқылуы мен ластануының бірнеше негізгі себебі бар.

«Су жинағыштарды су объектілерінің жағалау сызықтарына жақын жырту, су жинағыш алқаптарды жайылым ретінде қолдану, құрғап қалған көлдердің түбін, жағалауларын қоқыс орындарына айналдыру, су қоймаларын, олардың жағалары мен су жинайтын алқаптарды ластанудан сақтайтын арнайы шаралардың болмауы – экологиялық проблемаға әкелуде.

Бұл мәселені шешудің бір жолы - су ресурстарын ұтымды пайдалануды ұйымдастыру», - дейді Андрей Славный.

СҚО-да су объектілерін сақтау мақсатында биыл Аралтөбе және Қамысақты өзендерінің су қорғау аймақтары мен белдеулерінің жобаларын әзірлеу бойынша жұмыс жүргізілді. Алдағы үш жылда мұндай жұмыс өңірдің болашағы бар су нысандары: Шарық, Шағлы, Битеке, Бабықбұрлық өзендерінде, Жалтыр, Тереңкөл, Қарасор, Жаманкөл, Келтесор, Рыбное, Алакөл, Жаркөл көлдерінде жүргізілмек.


Соңғы жаңалықтар