СҚО-да мамандар Мортық ауылында ірі қараның неден өлгенін тексеріп жатыр

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысы Уәлиханов ауданындағы Мортық ауылында қара мал әлі күнге дейін қырылып жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Мортық ауылының тұрғыны Бұйдамхан Әбдікерімнің соңғы үш айда 6 бұзауы өлген. Соңғысы 14 қазан күні арам өлді.

«Ауырған мал ісінеді, іскені сондай, жарылады. Әдетте қарасан ауруында осылай болады. Бұл қарасан ауруы екенін ветеринарлар да айтып жатыр. Көктемде вакцина егілген жоқ. Сондықтан бұл ауру басылар емес», - дейді ауыл тұрғыны.

Бұған дейін шілде айында осы ауылда 7 бұзаудың өлексесі табылғанын айтқан едік.

Ол жолы ауылда барлығы 13 бұзау қырылды. Зертханалық зерттеулердің көмегімен малдың вирустық диарея және инфекциялық ринотрахеиттен өлгендігі анықталды.

Малдың жаңадан өлуіне байланысты ветеринария басқармасы түсінік берді.

«14 қазан күні Уәлиханов ауданы Мортық ауылының тұрғыны өз ауласында бұзаудың өлгені туралы хабарлады. Оқиға орнына аудандық ветеринариялық қызмет келді. Өлексені тексеру барысында артқы аяқтарының ісінуі байқалды. Клиникалық белгілері эмкар ауруына ұқсас. Дәл диагноз қою үшін зертханалық сараптама қажет. Патологиялық материалдар іріктеліп алынып, Нұр-сұлтан қаласының ветеринария жөніндегі ұлттық референттік орталығына жіберілді. Мортық ауылында барлық жануарлар бақылауға алынды, ауру мен өлімнің жаңа жағдайлары тіркелген жоқ», - дейді басқарма мамандары.

Жануарларды вакциналау, үй-жайларды дезинфекциялау жүргізіледі.

«16 қазанда ауданның ветеринариялық қызметі мал өлексесін мал қорымына апарып жақты, өлген орны дезинфекцияланды. Өлген мал талап бойынша тез арада жойылуы керек еді. Ветеринария басқармасы аталған факті бойынша оқиға орнына барып қызметтік тергеу бастады, оның нәтижелері бойынша кінәлі тұлғаларға қатысты тиісті шаралар қабылданатын болады», - дейді басқармадағылар.


Соңғы жаңалықтар