СҚО-да мамандар қай салада жазатайым оқиғалар көп болатынын айтты

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында былтыр 43 адам өндірістік жарақат алса, оның 11-і қаза тапты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ұлттық статистика бюросының СҚО бойынша департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, былтыр өңірде жұмыс орнында жазатайым оқиғалар кезінде 43 адам зардап шеккен, оның 11-і қаза тапты. Жалпы зардап шеккендердің 25,6 %-ы, қаза тапқандардың 9 %-ы - әйелдер.

2020 жылмен салыстырғанда өндіріс орнында жазатайым оқиғалар кезінде зардап шеккендердің саны 14 %-ға азайды. Өткен жылы барлық зардап шеккендердің 65,1 %-ы – жеке меншік кәсіпорындар мен ұйымдарда, 32,6 %-ы – мемлекеттік және 2,3 %-ы – басқа мемлекеттердің меншігіндегі кәсіпорындарда жұмыс істеген.

Өндірістегі жазатайым оқиғалар кезінде зардап шеккендердің әрбір екіншісі - біліктілігі жоқ жұмысшы, зардап шеккендердің ең көбі, 12 адам, ауыл, орман және балық шаруашылығында жұмыс істеген.

Өндірісте 10 жұмысшының жарақат алуына өрескел абайсыздық, 9 адам жұмыстың дұрыс ұйымдастырылмауынан, 5 адам көлікті пайдалану кезінде қауіпсіздік талаптарын бұзудан және 4 жұмысшы еңбекті қорғау және қауіпсіздік қағидаларын бұзудан зардап шеккен.

Заттардың, материалдардың құлауы, қирауы, жердің опырылуы салдарынан 9 адам жарақат алды, зиянды және қауіпті өндірістік факторлар мен заттардың әсерінен 8 адам, зардап шегушінің құлауынан – 7, ұйымның көлігінде болған жол-көлік оқиғасында 6 адам зардап шекті.

Өндірісте жарақат алудан 11 адамның ішкі ағзаларына зақым келді, 10 жұмысшыда жабық, 5 адамда ашық сынық тіркелді.

Өндірісте болған жазатайым оқиғалар бойынша былтыр 17,7 млн теңгенің материалдық төлемі жасалды. Оның 9,3 млн теңгесі біржолғы жәрдемақылар, 8,2 млн теңгесі еңбекке жарамсыздық парағы бойынша, 0,2 млн теңге – басқа жұмысқа ауыстырылғанда бұрынғы еңбекақысына дейінгі қосымша төлемдердің мөлшері.


Соңғы жаңалықтар