СҚО-да малға арналған айып тұрағы ашылды

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысы Мамлют ауданында қараусыз малды қамауға арналған айып тұрағы жұмыс істей бастады, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

СҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, 15 тамыздан бастап малды бағуға қатысты ереже күшіне енді. Бұл – мал ұрлығының алдын алуға қатысты жасалып отырған шара. Алғаш рет «бағусыз мал» атты заңды түсінік енгізіліп, енді оның иелері әкімшілік жауапкершілікке тартылмақ. Малды бос қоя бергендерге бұдан былай айыппұл қарастырылған. Мал иелері түлікті өздері бағуы керек, не болмаса бақташыға беруі тиіс. Бұл жағдайда үш жақты келісімшарт толтырылып, бақташының мал иелері алдындағы міндеттемесі көрсетіледі.

Мамлют ауданында тәртіп сақшылары алғашқылардың бірі болып бағусыз малға арналған айып тұрағын ашты. Жергілікті атқарушы билік өкілдерінің және кәсіпкерлердің көмегімен 11 арнайы қора салынды.


23 тамыз күні бұл қашаларға алғашқы мал тоғытылды. Полицейлер Меңгесер көлінің жанында иесіз жүрген 32 жылқыны көрген. Бақташысы болмағандықтан иесіз мал айып тұрағына қамалды.

«Бақташысы болмағаны бір бөлек, жылқыларға таңба салынбаған екен. Сол себепті бұл малдың иесін табу оңайға соқпады. Ал жылқылар жоғалса немесе оны ұрлап кетсе олар бұл малдың иесі екенін қалай дәлелдер еді», - дейді Мамлют аудандық полиция бөлімінің бастығы Серік Әлжанов.

Малдың иелері сол күні табылды. Олар Меңгесер ауылының үш тұрғыны болып шықты. Әкімшілік жауапкершілікке тартылып, айыппұл төлегеннен кейін жылқы иелеріне қайтарылды.

«Бос жүрген мал ұрыларға оңай олжа. Қараусыз мал автокөлік жүргізушілерге де қауіпті. Қаңғырған малды табу үшін полиция бөліміне қызметкерлерді жұмылдырып, күш жұмсау қажет. Сондықтан енді бұған жол бермеуіміз керек. Облыстың кей аудандарында мал бағылып, бақташылармен, жергілікті әкімдікпен үш жақты келісім жасалды. Нәтижесінде мал ұрлығы бірден азайды. Ереже бойынша тұрғындарға малдарын таңбалап, ен салу міндеттелді. Бұрын тек ұсыныс болатын. Енді ауырған малды өріске жіберуге тыйым салынды», - дейді СҚО ПД бастығының орынбасары Руслан Назаров.

СҚО-да қаңғырған малды қамауға арналған 54 тұрақ әзірленді. Түлік иелері анықталғанша дейін жергілікті атқарушы биліктің қаражатына бағылады. Жалпы, ереже күшіне енгелі арнайы тұрақтарға 88 мал қамалды.


Соңғы жаңалықтар