СҚО-да мал ұрлады деген күдікпен Көкшетау қаласының үш тұрғыны ұсталды

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында бір жыл бойы тұрғындарға тыныштық бермей, малдарын қолды еткен ұрылар ұсталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Айыртау ауданы полиция бөлімінің қызметкерлері мал ұрлады деген күдікпен Көкшетау қаласының үш тұрғынын ұстады. Оларды қолға түсіру үшін полицейлер бірнеше ай бойы жедел іс-шаралар жүргізді. Қаскөйлер өткен жылы күзде түнде Қоскөл ауылында қораның құлыбын бұзып кіріп, жылқыны жетектеп кеткен. Ұрлықты «ізін суытпай» ашу мүмкін болмады, алайда іздестіру жұмыстары бір сәтке де тоқтатылмады. Ауыл маңындағы орманнан жануардың ішек-қарыны және терісі табылды.

Тағы бір ұрлық осы ауданда биыл көктемде жасалған. Егіндіағаш ауылы тұрғынының далада еркін жайылып жүрген бұқасы ұрланған. Мал иелері полицияға бірнеше күннен соң ғана арызданыпты.

«Бұл қылмыстардың ашылуын бақылауда ұстадым. Мал – ауыл тұрғындарының кейбірі үшін жалғыз табыс көзі. Қыркүйекте қылмыс жасады деген күдікпен үш көкшетаулық ұсталды. Бүгінгі күні олар ауылдықтардың шығынын өтеді», - дейді Айыртау ауданының полиция бөлімінің бастығы Марат Серкешев.

Осы дерекке қатысты қазіргі уақытта «Мал ұрлығы» бабы бойынша сотқа дейінгі тергеулер жүргізіліп жатыр. Баптың санкциясы 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасын қарастырады. Ұсталғандар қамауда отыр.


Соңғы жаңалықтар