СҚО-да мал шаруашылығымен айналысу трендке айналды

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат - СҚО кәсіпкерлікпен айналысуға ниет еткендер басымдықты мал шаруашылығы саласына береді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Солтүстік Қазақстан облысында өз кәсібін ашқандар саны жылдан жылға артып келеді. «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының «Бастау» жобасы аясында 2017 жылы 937 адам кәсіпкерліктің негіздерімен танысып, кейін олардың 160-ы өз ісін ашса, былтыр тегін курсты екі есе көп адам тәмамдаған. 2060 солтүстікқазақстандық кәсіп ашудың қыр-сырын біліп, солардың 521-і алған білімдерін іске асырды.

«Солтүстік Қазақстан облысы - аграрлы өңір. Сол себепті болар бізден дәріс алғандардың басым бөлігі мал шаруашылығымен айналысады. Соның ішінде ірі қара өсірумен. Өйткені, бұл салаға мемлекет тарапынан қолдау жоғары, түрлі демеуқаржылар бар. Әрі ауылдық жерде бұдан ыңғайлы жұмыс жоқ», - дейді «Атамекен» ҰКП СҚОФ бөлім басшысы Александр Бердниченко.

Былтыр «Бастау» бойынша өз кәсібін ашқандардың 54 % ауыл шаруашылығын таңдаған. 45 % халыққа қызмет көрсету саласында еңбек етуде.

«Солтүстікқазақстандықтар арасындағы тағы бір бизнес-тренд - сұлулық салондарын ашу. Онымен халыққа қызмет көрсету саласын таңдағандардың үштен бір бөлігі айналысып жатыр. Әрине сауда-саттықты айтпауға болмайды. Жол бойында қызмет көрсетуді таңдап, дәмхана, асхана ашқандар бар. Сондай-ақ, былтыр 6 адам киіз үйлерді сатып алып, жалға берумен айналыса бастады. Айтуларынша сұраныс жоғары, той өткізетіндер алады екен», - дейді Александр Бердниченко.

Былтыр облыста 26,3 мың адам «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» мемлекеттік бағдарламасына қатысты. Жалпы, 29,7 мың адам жұмыспен қамтылып, 12,2 мың тұрақты жұмыс орны ашылған.

Соңғы жаңалықтар