СҚО-да мәдениет саласына қажет мамандарды даярлауға 15 грант бөлінді

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында мәдениет саласына қажет мамандардың орнын толтыру үшін биыл бюджет есебінен 15 түлекке грант беріледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Досбол Әбдірисовтің айтуынша, бөлінген 15 гранттың барлығы жоғары оқу орнында білім алуға мүмкіндік береді. Бұл жоба 7-8 жылға шақталған. Яғни мәдениет саласына қажет мамандарды әзірлеу үшін жыл сайын облыстық бюджеттен 15-20 грантқа қаржы бөлініп отырады. Осылайша өңір 100 маманды оқытып алмақ.

«Облыстың мәдениет саласында кадр жетіспеушілігі бар. Бізге театр актерлері де, вокалистер де, дәстүрлі әншілер де, музыкалық аспаптарда ойнайтын мамандар да, режиссерлер де керек. Сондықтан да оқу бітірген түлектердің «құлағына алтын сырға». ҰБТ-ның қажетті межелік балын жинаса, шығармашылық емтиханды тапсырып, бірақ конкурстан өте алмай қалса, осы мүмкіндікті пайдалана алады. Қазір конкурстық комиссия құрамыз. Әзірге қай жоғары оқу орындарына таңдау түсетіні белгісіз, тәжірибесіне, білім беру сапасына қараймыз», - дейді басқарма басшысы.

СҚО-ның мәдениет саласында қазір 1850 адам еңбек етеді, олардың барлығы шығармашылық мамандары.

«2 мыңға жуық маманның 390-ы – облыстық мекемелерде еңбек етіп жатыр, олар музыканттар, архив қызметкерлері, кітапханашылар. Солардың 155-інің ғана жоғары білімі бар. Тіпті мектеп аттестатымен жұмыс істеп жүргендер кездеседі. Сондықтан біздің мақсатымыз – маман тапшылығын жою және қызметкерлер арасында бәсекелестікті арттыру», - дейді Досбол Әбдірисов.

Облыстық бюджеттен 15 грант үшін шамамен 8,5 млн теңге, оған қосымша бір жылға стипендиямен қамтуға 4,5 млн теңге бөлінбекші. Облыс әкімінің грантын алған жастар төрт жыл бойы бюджет есебінен оқып шығады.


Соңғы жаңалықтар