СҚО-да лауазымды тұлға сот талабын орындамағаны үшін айыппұл төлейді

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында сот мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау және лицензиялау басқармасының басшысына айыппұл салды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО соты баспасөз қызметінің мәліметінше, мемлекеттік орган басшысының, лауазымды тұлға ретінде СҚО мамандандырылған әкімшілік сотында қаралып жатқан екі іске қатысы бар. Біреуі бойынша сот мемлекеттік орган басшысын жауапкер ретінде, екіншісінде осы лауазымды тұлғаны мүдделі тұлға ретінде тартқан.

Сот әкімшілік істер бойынша алдын ала тыңдау үшін лауазымды тұлғаны мемлекеттік орган жүргізген тексеріске қатысты құжаттарды ұсынуды міндеттеген. Екі іс бойынша да мерзім көрсетілген, содан кешіктірмей талап етілген тексеру құжаттарын сотқа ұсыну керек болған.

Алайда сот талабы уақтылы орындалмай, қажетті құжаттар ұсынылмаған. Ал соттың электронды поштасына жолданған сілтемелер ашылмаған, осылайша ол құжаттарды қарауға мүмкіндік болмаған. Салдарынан сот ұсынылған дәлелдердің жеткілікті екендігін анықтай алмай, сот отырысында әкімшілік істі қарау мүмкін болмады.

Сот талабын орындамағаны үшін лауазымды тұлға-мемлекеттік органның басшысы енді 10 АЕК мөлшерінде, шамамен 30 мың теңге айыппұл төлемек.


Соңғы жаңалықтар