СҚО-да ламинатталған фанера шығаратын кәсіпорын ашылады

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында түрік инвесторларының қатысуымен ламинатталған фанера шығаратын кәсіпорын іске қосылмақ. Комбинат жылына 27 мың текше метрге дейін өнім шығарып, ел қажетінің 30 % жабуды жоспарлаған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО әкімі баспасөз қызметінің мәліметінше, ламинатталған фанера шығаратын комбинат – болашағы зор жобалардың бірі. Оны жүзеге асыруға түрік инвесторлары 1,8 млрд теңге жұмсамақ.

Облыс әкімі Құмар Ақсақалов фанера комбинатына барды. Бұрын бос тұрған ғимаратта қазір жұмыс қызған. Кәсіпорында Түркия мен Германиядан әкелінген қондырғыларды қосу жұмыстары жүргізілуде. Комбинат ашылғанда 150 адам жұмыспен қамтылады.

«Жылына кәсіпорын 18 мың текше метр дайын өнім шығармақ. Кейін 27 мыңға дейін өсіреді. Өнімнің жартысы Түркия, Европа мен Өзбекстанға жөнелтіледі. Қазір елімізге 90 мың текше метр фанера сырттан әкелінеді. Біз бұл көлемнің 30 % жаба аламыз», - деді Құмар Ақсақалов.

Инвестор Огузхан Челик Солтүстік Қазақстанға Түркиядан арнайы келіп, осы бизнеспен айналысып жатыр. Айтуынша, Түркияда қайың өспейді. Қайыңды тек пешке ғана жақпай, дайын өнім алуға болады. Бұл ағаш құрылыс материалы ретінде құнды. Қайың фанерасын тіпті кеме жасауға да қолданады. Ал Қазақстанның солтүстігінде өсетін қайың сапалы фанера жасау үшін таптырмайтын шикізат.

Жалпы СҚО-ға жыл басынан 11 млрд теңге шетелдік инвестиция тартылды. Өсім 159 % құрады. Бұл өңірде инвесторларға жақсы жағдайдың жасалғанының көрсеткіші.



Соңғы жаңалықтар