СҚО-да қызылшамен ауырғандардың саны 237-ге жетті

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат - СҚО-да қараша айынан бастап осы күнге дейін 237 адамда қызылша ауруы тіркелді. Олардың тең жартысы 14 жасқа дейінгі балалар, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жұқпалы аурудың өршуіне байланысты елімізде сәуірдің бірінен бастап қызылшаға қарсы қосымша иммундау басталды. Мамандардың айтуынша, екпе енді 9-10 айлық сәбилерге де жасалады. Сондай-ақ 40 жасқа дейінгі медицина қызметкерлері де қызылшамен ауырған науқастармен жиі байланыста болғандықтан екпе алуда. Инфекция ошақтарында болған 30 жасқа дейінгі азаматтар да бұдан тыс қалмайды.

«Бұл дертке қарсы қызылша, қызамыққа және паротитке қарсы біріктірілген вакцина пайдаланылатын болады. Үндістандық компания шығарған, оның сапасына Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы кепілдік береді. Бұл вакцина әлемнің 70-тен астам елінде, соның ішінде Қазақстанда соңғы 10 жыл бойы қолданылып келеді. Бүгінде препарат елдің барлық аймақтарына толық жеткізілді», - дейді облыстық Қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің жетекші маманы Салтанат Бекқожина.

2018 жылдың қараша айынан бастап осы күнге дейін облыста қызылша жұқтырған 237 жағдай тіркелген, соның 118-і 14 жасқа дейінгі балалар арасында. Олардың 88,5% немесе 202 жағдайда тұрғындар қызылшаға қарсы екпе алмаған. «Қызылшаға қарсы бірден-бір шара - екпе алу. Дене қызуы көтерілгенде, тамақ ауырғанда, конъюнктивит пен денеде бөртпе пайда болғанда дер кезінде дәрігерге көріну қажет. Қызылша асқынған жағдайда пневмонияның, неврологиялық бұзылулардың дамуына әкелуі мүмкін, әсіресе қызылша энцефалиті қауіпті екенін ескерткім келеді», - дейді Салтанат Бекқожина.

Мамандардың айтуынша, халықты қызылшаға қарсы вакцинациялау ақысыз жүргізіледі, ол үшін аумақтық емханаларға хабарласу қажет.

Соңғы жаңалықтар