СҚО-да қызылша жұқтырғандар саны 60-тан асты

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат - СҚО-да жыл басынан бері 64 адам қызылша ауруын жұқтырды. Сырқаттардың басым бөлігі - ересектер, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қызылшамен ауырғандардың 28-і, яғни 44 % - 14 жасқа дейінгі балалар. Қалған 36 жағдай ересектер арасында тіркелген. Олардың біреуі егілуден бас тартқан болса, 28-інде екпенің салынған-салынбағаны жөнінде дерек жоқ, ал 7-еуіне вакцина егілген.

«Қызылша жұқтырушылар саны соңғы 15 жылда алғаш рет орташа көрсеткіштен асып отыр. Аурумен күресу үшін тиісті шаралар қолға алынды. Қызылша дертін таратпау және жою мақсатында штаб құрылды. Алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсету, мектеп, қоғамдық денсаулық сақтау қызметкерлері арасында семинарлар өткізіліп, облыс тұрғындарымен түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қызылша ауруының алдын алу туралы ақпарат барлық мемлекеттік органдарға және қызығушылық білдірген ведомстволарға жіберілді. Бұдан басқа 8-800-08-08-103 телефон нөмірімен колл-орталыққа хабарласып, эпидемиолог және инфекционист-дәрігерлердің ақыл-кеңесін алуға болады»,- дейді СҚО Қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің бастығы Серікбай Қасмақасов.

Мамандардың айтуынша, Еуропаның көптеген елдерінде қызылша ауруының белең алуына осы дертке қарсы екпе жұмыстарының өте төмен деңгейде жүргізілуі себеп болған. Салдарынан жұқпалы дерт Қазақстан аумағына да өтіп, ауруға қарсы егілмеген тұрғындар арасында көптеп таралуда.

Соңғы жаңалықтар