СҚО-да қызметтік иттер 580 қылмыстың бетін ашуға көмектесті

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат - Айыртау ауданында Терем атты ит 250 мың теңгеге жуық ақша қолды болған қарақшылық оқиғасының бетін ашуға көмектесті, - деп хабарлайды ҚазАқпарат СҚО ІІД-нің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Саумалкөл ауылында жергілікті тұрғын жұмыстан келгеннен кейін үйінен алтын бұйымдары мен құрал-саймандары жоғалғанын анықтады. Жалпы шығын 244 мың теңгені құрады. Тәртіп сақшылары есікті бұзу іздерін байқамады. Куә болғандар да табылмады. Осы кезде полицейлерге Терем атты ит көмектескен. Ол қарақшының ізін алып, көрші үйлердің біріне алып келген.

«1983 жылы туған жергілікті тұрғын көршісінің үйіне жиі барып, шаруашылықпен көмектесіп тұрған. Ол ұрлық жасауға ыңғайлы уақытты анықтап алған», - деп атап өтті баспасөз қызметінен.  

«Ұрлық» бабымен сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде. Бұл бап 5 жылға дейін бас бостандығынан айыруды көздейді.

Баспасөз қызметінен мәлім еткендей, Терем биылдың өзінде 13 қылмыстық істің бетін ашуға көмектесті.

СҚО ІІД кинологиялық қызмет орталығының бастығы Самат Төлебаевтың айтуынша, қызметтік иттер 635 рет шақыртуларға шыққан. Олардың көмегімен 587 қылмыс ашылды, оның 417-сі - ұрлық. Полицейлердің төрт аяқты көмекшілерінің иіс сезгіштік қабілеттір заңсыз есірткі айналымына қатысты 26 қылмысты әшкерелеуге сеп болған.

Солтүстік Қазақстан облысының полиция сапында 21 ит қызмет атқаруда.

 

Соңғы жаңалықтар