СҚО-да қызметкері артық жұмыс істегені үшін мекеме басшысы жазаланады

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат - СҚО-да мемлекеттік орган қызметкерлері жұмысты кешке қалып істейтін болса, басшысы жазаға тартылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің СҚО бойынша департаментінің мәліметінше, мемлекеттік қызметкерлер арасында тәртіп бұзу азайған. 220-дан 170-ке, яғни 23% кеміді. Мемлекеттік қызметкерлердің де жұмыстан кейін қалып, еңбек етуі азайған. Ол үшін мемлекеттік органдарда жұмыс компьютерін бір мезетте сөндіретін автоматты жүйе іске қосылды.

«Мемлекеттік қызметшілердің еңбек және басқа да құқықтарының бұзылуына жол берген мемлекеттік 6 органның басшыларына әкімшілік ықпал етілді. Мемлекеттік қызметшілер жұмыстан бос уақытта еңбек еткені үшін қосымша ақы алды немесе қосымша демалыс берілді. 80-нен астам қызметкердің құқығы қорғалды», - дейді департамент басшысы Елена Степаненко.

Департамент «ҚР Мемлекеттік қызметі туралы» Заңның және мемлекеттік қызметшілердің этикалық кодексінің сақталуына байланысты мемлекеттік органдарда 8 тексеріс өткізді. Нәтижесінде 62 заңбұзушылық анықталған. Тексеріс қорытындысы бойынша 3 ұсыныс және 2 ұйғарым берілді. 3 мемлекеттік қызметші тәртіптік жауапкершілікке тартылды.

«Облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясын тексеру барысында бөлім басшысына тәртіптік жаза қолдану реті бұзылғаны анықталды. Тәртіптік жауапкершілікті қолданбас бұрын қызметтік тексеріс жүргізілмеген. Сол сияқты құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының бас маманын да тәртіптік жазаға тартпас бұрын қызметтік тексеріс жүргізілмеген», - дейді Елена Степаненко.

Департамент басшысының айтуынша, мемлекеттік қызметкерлердің құқықтары қорғалып, заңсыз қолданылған тәртіптік жаза алынды.

Соңғы жаңалықтар