СҚО-да «Қыс 2019» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуы өтіп жатыр

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында Төтенше жағдайлар департаментінің қыс мезгіліне әзірлігін тексеруге арналған «Қыс 2019» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығулары басталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қыс 2019» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығулары екі күнге шақталған. Іс-шара барысында арнайы техника ғана тексеріліп қоймай, департаменттің жеке құрамының төтенше жағдайда әрекет етуге дайындығы, әрбір қызметкердің оларды жою кезінде өз міндеттерін білуі тексерілді.

СҚО Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Петропавлдағы «Достық» алаңында облыстық шұғыл әрекет ету жасағының сапқа тұруы жиыны өтті. Алдын ала белгіленген уақытта облыс орталығының жиырмадан астам ұйымы мен кәсіпорындарының базасында құрылған жоғары әзірліктегі бөлімшелері, арнайы техника жиналу орнында сап түзеді. Осы іс-шараны өткізу барысында бөлімшелердің жедел жетуі тексерілді, жауынгерлік қабілеті, жеке құрамның өз міндеттерін білуі бағаланды.

Авариялар, апаттар мен өзге де төтенше жағдайлардың салдарынан зардап шеккендерге құтқару жұмыстарының бастапқы кезеңінде уақытында көмек көрсетуге арналған техника және жабдықтардың бар болуы мен жарамдығына ерекше көңіл аударылды. Облыс әкімінің орынбасары Антон Федяев ТЖД басшылық құрамымен, Петропавл қаласы әкімдігінің және облыстық ТЖ қызметтерінің өкілдерімен бірге материалдық-техникалық қамтамасыз ету, жасақтардың қатардағы жауынгерлерінің дайындығы мен жабдықталуына баса назар аударды.

Мамандардың айтуынша, былтыр қыста төтенше жағдайлар департаментіне облыс тұрғындарынан қар құрсауында қалғандығы жөнінде 34 хабарлама түскен. Биыл осындай жағдайлардың алдын-алу мақсатында 280 жылыту орны дайындалды.

Сондай-ақ, биыл департамент 9 жаңа техникамен толықты. Одан бөлек құтқарушылардың киімдері мен түрлі қажетті жабдықтары жаңартылды. Осы мақсатқа бюджеттен 640 млн теңге жұмсалды. Бұл облыста болатын апаттық жағдайлардың алдын алу мен оларды залалсыздандыру шараларын күшейтуге мүмкіндік бермек.

Соңғы жаңалықтар