СҚО-да қыркүйектің басынан 20 оқушы коронавирус жұқтырған

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында қыркүйектің басынан 20 оқушы коронавирус жұқтырса, бүгін бір балабақша тәрбиеленушісінде инфекция расталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО Тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті басшысының орынбасары Татьяна Горлованың айтуынша, қыркүйек айынан бастап оқушылар арасында коронавирус жұқтырудың 20 жағдайы тіркелді. Олардың 7-еуі штаттық режимде білім алғандар, қалғандары қашықтан оқып жүріп жұқтырған.

«13 балада инфекция жоспарлы түрде эпидемиологиялық тексеру барысында, яғни оларды стационарға жатқызу алдында анықталған. Бұл оқушылар ауырғандармен байланыста болған. Солардың бесеуі – отбасында жұқтырған.

Ал штаттық режимде білім алған 7 оқушы облыстың 5 мектебінде оқыған. Яғни төрт мектепте бір-бір жағдайдан тіркелсе, біреуінде үш бала жұқтырған. Соның ішінде екі бала бір сыныпта білім алған», - дейді Татьяна Горлова.

Қазіргі уақытта өңірде Петропавлдағы «БЭСТ» гимназиясының бір оқушысы ғана карантинде. Бала 1-сыныпта оқиды. Анасынан жұқтырғаны анықталды. Ол да 28 қыркүйек күні сыныптастарына қосылады.

«Уәлиханов ауданындағы Кішкенекөл ауылындағы мектепте бір оқушы ауырған. Мектептен 12 қыркүйектен бастап карантин алынды. Петропавлдағы №10 мектептің оқушысы жедел респираторлық вирустық инфекция бойынша қаралып, коронавирусты жұқтырғаны анықталған еді. Бұл мектеп сабақтарға 18 қыркүйектен бастап қайта кірісті. №44-ші орта мектепте бір бала жұқтырып, 14 қыркүйекте карантин алынды. Ал 3 жағдай Дарын мектебінде тіркелген. Осы жеті жағдай бойынша балалармен байланыста болған 109 адам тексерілді, оларда коронавирус анықталмады», - дейді департамент басшысының орынбасары.

Балалардың басым бөлігінде қауіпті инфекцияның симптомдары болмаған.

«Қызылжар ауданы Бескөл ауылындағы балабақшалардың бірінің тәрбиеленушісі 18 қыркүйектен бастап мекемеге бармаған. Ол балада тек мұрнынан су аққан, басқа белгілері болмаған. Бүгін сараптама қорытындысы келіп, бүлдіршіннің коронавирусты жұқтырғаны расталды», - дейді санитарлық дәрігер.


Соңғы жаңалықтар