СҚО-да КВИ жұқтырғандар саны күрт артты
СҚО өңірлік коммуникациялар қызметінде коронавирустың таралуы және вакцинация барысы туралы баспасөз мәслихаты өтті. Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Арман Күшбасовтың айтуынша, 11 қаңтар күні облыста 31 адамда коронавирус анықталса, өткен тәулікте коронавирус жұқтырудың жаңа 59 жағдайы тіркелген. Соның 93 %-ында ауру белгілері болған. Сырқаттанғандардың жартысы – Петропавл тұрғындары.
«Кеше ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжановтың төрағалығымен ел аумағында коронавирустық инфекцияның таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысы өтті. Ведомствоаралық комиссия инфекцияның таралуын болдырмау үшін санитариялық-карантиндік шараларды қатаңдату туралы шешім қабылдады. Атап айтқанда, сауда орталықтарына, сауда үйлері мен караокеге тек «жасыл» мәртебесі барларға және «омикрон» штамының тез таралуына байланысты 13 қаңтардан бастап СПА-ға, спорттық-сауықтыру және фитнес-орталықтарына тек «жасыл» мәртебесі бар тұрғындарға кіруге рұқсат беріледі. 15 қаңтардан бастап вакцинация мәртебесіне қарамастан, шетелден келгендердің барлығы ПТР тестінің нәтижесін көрсетуі тиіс», - дейді Арман Күшбасов.
СҚО-да осы күнге дейін 35 162 адамнан коронавирус анықталды. Бүгінде өңір «жасыл» аймақта.