СҚО-да КВИ-дің көбеюіне байланысты стационарларда орын саны көбейтілді

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында стационарларда ем алып жатқан сырқаттардың 60-ының жағдайы өте ауыр болса, 400-ден астам науқас оттегі аппаратында жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Нұрлан Аймановтың айтуынша, бүгінгі таңда өңірде коронавирусқа қатысты жағдай күрделі. Стационарларға күнделікті 100 адамнан түсіп жатыр.

«Осыған орай ауырғандарға арналған орын санын 1755-ке дейін көбейттік. Қазіргі таңда емдеу мекемелерінде 793 сырқат бар. Соның ішінде 60 сырқаттың жағдайы ауыр, 51-і жансақтау бөлімшелерінде жатыр. 18 адам қарқынды терапия палаталарында емделуде. 400-ден астам адам оттегіге тәуелді, онсыз дем ала алмайды, аппараттарда жатыр. Бүгінде сатурациясы төмен, ентігіп, интоксикациясы бар науқастарды ғана қабылдап, жатқызып жатырмыз. Жазылып шығатындар саны 40-50-ден аспайды, өйткені өздігінен демала алмағандықтан сырқаттарды шығара алмаймыз, - дейді Нұрлан Айманов.

Маманның айтуынша, науқастардың 93 %-дан астамы – екпе алмағандар, сондай-ақ басым бөлігі егде жастағы адамдар. Көпшілігінің ілеспе аурулары бар.

«Қазіргі уақытта бос орындар бар, өйткені барлық аудандарда инфекциялық стационарларды аштық. Жедел жәрдем қызметі күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр. 1 300-ден астам адам амбулаторияда дәрігерлердің бақылауына алынған. Коронавирус жұқтырған 7 жүкті әйел стационарда, тағы 10-ы үйде ем алып жатыр. Балалар ауруханасына 15 бала жатқызылса, 239-ы амбулаторияда ем алуда», - дейді Нұрлан Айманов.

Жалпы соңғы екі аптада 69 мектептің 120 сыныбы қашықтан оқуға жіберілді. Карантинге жабылған мектептер жоқ. Жаңа оқу жылы басталғалы COVID-19-бен 717 оқушы ауырған. Оның 56-сы ғана қауіпті инфекцияны мектепте жұқтырған.


Соңғы жаңалықтар