СҚО-да күйеуі әйелін атып өлтіріп, кейін өзіне қол жұмсады
2022 жылғы 30 маусым 15:43

СҚО-да күйеуі әйелін атып өлтіріп, кейін өзіне қол жұмсады

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысы Айыртау ауданында ерлі-зайыпты арасындағы жанжал қайғылы аяқталды. Күйеуі әйелін атып өлтіріп, кейін өзіне қол жұмсады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО прокуратурасының мәліметінше, оқыс оқиға 27 маусым күні Айыртау ауданының Лобаново елді мекенінде таңғы сағат 5.00 шамасында болған. Полицияға түскен шақыртудан кейін мекенжайға жедел жеткен тергеу тобы үйден зорлық-зомбылық белгілері бар екі мәйітті тапты. Біреуі 33 жастағы әйелдің, екіншісі оның 36 жастағы күйеуінің денесі болып шықты. Қайғылы оқиға жайында полицияға ерлі-зайыптының балалары хабарлаған болып шықты. Олар жанжал кезінде үйде болған. Оқиға орнынан аңшылық мылтық тәркіленді.

Аталған факті ҚР ҚК 99-бабы 2-бөлігі «ауырлататын мән-жайлардағы кісі өлтіру» бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізіліміне енгізілді. Жетім қалған, кәмелет жасына толмаған үш бала Айыртау ауданының Саумалкөл ауылындағы өмірлік қиын жағдайға тап болған балаларды қолдау орталығына орналастырылды. Оқиғаның негізгі нұсқаларының бірі бойынша, 36 жастағы ауыл тұрғыны жанжал кезінде әйеліне мылтық кезеп, атқан. Оның жан тапсырғанын көргеннен кейін мылтықпен өзін-өзі өлтірген. Алайда негізгі қорытынды тергеу нәтижелерінен кейін шығарылады. Қылмыстық іс бойынша қажетті сот сараптамалары тағайындалды.

Іс бойынша барлық мән-жайларды анықтауға бағытталған қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр. Тергеу барысын облыс прокуратурасы бақылауға алды.


Ұқсас жаңалықтар
Серіктестер жаңалықтары

Jańalyqtar

Үрдіс

MURAǴAT