СҚО-да құтқарушылар су басуы мүмкін аудандарда жұмыс жасауда

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат - СҚО-да биыл 90-нан астам елдімекенді су басу қаупі бар. Тасқын судың алдын алу үшін өңірде бірқатар шаралар қолға алынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Петропавл қаласынан қыс бойы 600 мың текше метр қар шығарылды.

Қазір коммуналдық қызметтер қызыл су басуы мүмкін шағын аудандарда жұмысты жандандырған. Жұмысшы кенті, Береке, Ойқала аудандарында арнайы бригадалар суағарлардың мұзын жарып, ыстық бумен ерітіп жатыр. Тұрғындардан тәулігіне 30 шақты шақырту түседі. Бұл жұмысқа 11 техника мен 40 шақты адам жұмылдырылған.

СҚО «Қазгидромет» мамандарының айтуынша, жақын күндері өңірде сынап бағанасы +10 градусқа дейін көтерілуі мүмкін. Ал сәуір айының алғашқы он күндігінде ауа райы +20 градусқа дейін жылынады деген болжам бар. Бұл - су тасқынының болу мүмкіндігін арттыра түспек.
null

Өңірдің аудандарынан қыс басталғалы 800 мың текше метр қар шығарылды. Қазір тұрғындарға қосымша көмек көрсету үшін облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің жедел-құтқару жасағының жеке құрамынан 18 құтқарушы 3 жоғары өтімді автокөлікпен Айыртау және Ғ.Мүсрепов аудандарында жұмыс істеп жатыр.

СҚО Төтенше жағдай департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Айыртау ауданында құтқарушылар су басу қаупі бар аулаларды аралап, тұрғындарға жадынама таратты. Ақан бұрлық өзенінде мұзды жарып, Раисовка ауылындағы жергілікті су қоймаларында мұзды кесу жұмыстарын жүргізді.
null

Ал Ғ. Мүсірепов ауданында мамандар 26 наурыздан бастап 263 үйді аралап, су басу қаупі бар елді-мекендердегі 400 метрге жуық арықтарды тазалады.

Қазіргі таңда облыс бойынша 92 елдімекен, 2,3 мың үй және 8 мыңнан астам тұрғын бақылауға алынған. 700-ден астам техника, 300-ден астам су соратын қондырғы төтенше жағдайға әзір. Мамандардың айтуынша, әзірше Сергеев су қоймасы 93,4%, Петропавл бөгені 89,8% суға толған.

Соңғы жаңалықтар