СҚО-да құтқарушылар көлік апатына түскен әйелді құтқарды

Фото: None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысы Айыртау ауданында екі көлік бетпе-бет соғылып, бір адам ауыр жарақаттанды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, жол-көлік апаты 15 қаңтар түс кезінде болған. Айыртау ауданы Саумалкөл ауылындағы № 7 өрт сөндіру бөлімшесіне Көкшетау-Рузаевка трассасында Комаровка-Антоновка елді мекендерінің аралығында жол-көлік апаты болып, бір адамды көліктен алып шығу қажеттігі хабарланды.

Жолда «Lexus» пен «Volkswagen Passat» жеңіл көліктері бетпе-бет келіп соқтығысқан. Есіл ауданынан Имантауға бара жатқан көліктегі 44 жастағы жолаушы әйел көлікке қыстырылып қалған екен.

«Зардап шеккен әйел жүргізушінің қасында отырған. Оның аяғы сынып, есеңгіреп қалған. Жігіттер майысқан көлік есігін бұзып ашып, әйелдің қыстырылған аяғын металдан босатып алды. Ақырын алып шығып, медициналық қызметкерлер, полицейлердің көмегімен жедел жәрдем көлігіне мінгізіп жібердік. Қазір ол Айыртау аудандық ауруханасында, өміріне келер қауіп жоқ», - дейді Айыртау аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің инженері Мұрат Жамбылов.

Көліктердің жүргізушілеріне де медициналық көмек көрсетілді.


Соңғы жаңалықтар