СҚО-да құсбегілердің республикалық чемпионаты басталды

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысы еліміздегі құсбегілерінің басын қосты. Бескөл ауылында 12 команда қатысқан Қазақстан чемпионаты өтіп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО Дене шынықтыру және спорт басқармасының мәліметінше, құсбегілердің ХIV республикалық чемпионаты Қызылжар ауданы Бескөл ауылындағы «Құлагер» ипподромында өтіп жатыр. Жарыстың бұл түрі өңірде алғаш ұйымдастырылып отыр. Оған Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларынан және Ақмола, Алматы, Жамбыл, Атырау, Шығыс Қазақстан, Түркістан, Қарағанды, Маңғыстау, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облысынан 12 команда қатысуда. Әр командада үш спортшыдан бар. Олар жарыс барысында бүркіт, ителгі және қаршығаны аң-құсқа салмақ.

Спорттық шараны облыс әкімінің орынбасары Руслан Әлішев ашып, бұл деңгейдегі бәсеке өңірде ұлттық спорт түрлерін дамытып, жаңа деңгейге шығаруға серпін беретініне сенім білдірді. Қызылжарлық спортшылар спорттың бұл түріне тек үшінші жыл ғана қатысып отыр.

СҚО-дағы Ақжар ауданының тұрғындары, ағайынды Ақылбек пен Ақан Қалиевтер жыртқыш құстарды асырап, баптаумен бес жылдан бері айналысып келеді. Осы жарыста жолдары болатындығына сенімді.

«Ертең еркін ұшыру, шырғаға салу болады. Сосын ителгі мен қаршығаны жарысқа қосамыз. Ителгіні қолға шақырып, көгершінге салады, далбай ойнату деген бар. Қаршығаны да сөйтеміз. Осы үш түрінен жарыс өтеді. Әрқайсының көрсететін өнерлері әр түрлі. Ал үшінші күні қоянға салудан жарысады», - дейді Қазақстанның құсбегіліктен аға жаттықтырушысы Базарбек Күнтуғанұлы.

Құсбегілер бүгін экстремалды жағдайда жарысты. Дегенмен қанат қағысы екі метрге дейін жететін бүркіттерге дауылды жел дұрыс ұшуға мүмкіндік бермеді.

Жалпы чемпионат үш күнге жалғасады.


Соңғы жаңалықтар