СҚО-да құс тұмауынан 1,5 миллионға жуық тауық қырылған

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында құс тұмауынан кейін тұралап қалған құс шаруашылығы қайта қалпына келтірілмек. Жұмыртқа өндірісін арттыру мақсатында 627,5 мың тауық сатып алынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының мәліметінше, былтыр құс тұмауы өршіген кезде өңірдің үш құс фабрикасы шығынға батты. «Фирма Алекри» ЖШС 521 мың, «Бескөл құс фабрикасы» ЖШС 359 мың және «Адель Кус» ЖШС 589,3 мың құсынан айырылды.

Өңірді жұмыртқамен қамтып келген шаруашылықтар бұл саланы қайта жандандырмақ. Былтыр қараша-желтоқан айларында құс фабрикаларына 627,5 мың құс жеткізілді. Соның ішінде «Фирма Алекри» ЖШС 250 мың, «Якорьская ПТФ» ЖШС 140 мың, «Адель Кус» ЖШС 156 мың, ал «Есильская ПТФ» ЖШС 81,5 мың тауық балапаны алынды.

Наурыз айынан бастап «Фирма Алекри» жұмыртқа өндірісін жолға қойса, «Адель кус» ЖШС өнімі мамыр айында дүкен сөрелеріне түседі.

«Биыл жыл соңына дейін өңірдің құс фабрикаларына бір тәуліктік 1 млн 055 мың шөже жеткізіліп отырады. Бұдан басқа құс шаруашылығының етті бағытын дамыту үшін 2 бройлер құс фабрикасын салу жоспарда бар. Олардың ортақ қуаттылығы жылыа 15 мың тонна. Аққайың ауданында салынатын нысан 5,5 млрд теңгеге бағаланған. «Северный бройлер» ЖШС жылына 5 мың тонна құс етін өндірмек. Ал Петропавлдағы «Петропавл бройлер» ЖШС 2,4 млрд теңгеге құс фабрикасын тұрығызып, жылына 10 мың тонна құс етін саудаға шығарады», - дейді СҚО ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Ерболат Бекшенов.


Соңғы жаңалықтар