СҚО-да күнде 3-5 адам коронавирустан көз жұмады - басқарма

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында коронавирусқа қатысты жағдай күрделі. Ауырып жатқандардың 60 пайызы оттегі аппаратына тәуелді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, өңірде коронавируспен ауырғандарға арналған 1755 орын бар. Қазір 686 сырқат инфекциялық стационарларда ем алып жатыр. Яғни стационарлар 36 пайызға жүктелген. Емдеу мекемелеріне негізінен өкпесі зақымданып, өздігінен дем ала алмайтын науқастар ғана жатқызылып жатыр.

«Былтыр шілде айында коронавирус өршігенде мұндай қиын жағдай болған жоқ. Өйткені қазіргі уақытта тәулігіне 60-90 адамға дейін ауруханаға жатқызылады. Олардың барлығы ауыр демалады, өкпелеріне зақым келген. Стационарларда жатқан адамдардың 60 пайызына үнемі медициналық оттегі қажет. 51 адам жансақтау бөлімшелерінде жатса, солардың 17-сінің жағдайы өте ауыр. Медициналық қызметкерлер қауырт жұмыс істеп жатыр», - дейді басқарма басшысының міндетін атқарушы Нұрлан Айманов.

Қазір ем алып жатқан сырқаттардың 98 %-ы вакцина алмағандар. Ал 80 пайыздан астамы – егде жастағылар. Осы күнге дейін қайтыс болғандардың 78 %-ы – тағы да жасы 60-тан асқандар.

«Бүгінге дейін 325 адам көз жұмды. Күнде коронавирустан 3-5 адамнан көз жұмуда. Жағдай өте ауыр. Тәулігіне 1100 оттегі баллонын жұмсаймыз. Бұл 9 мың тонна оттегі», - дейді Нұрлан Айманов.

Сондай-ақ облыс бойынша, 3339 адам амбулаторлық жағдайда ем алып жатыр. Олардың 1600-інде ауру белгілері болмаған. Маманның айтуынша, қалғандарында дерт жеңіл және орташа өтіп жатыр.

Бұған дейін СҚО-ның коронавирустың таралуы бойынша елімізде алдыңғы орында тұрғанын айтқан едік. Тек өткен тәулікте өңірде коронавирусты 161 адам жұқтырды. Олардың 95 %-ы дәрігерлерге ауырып көрінген.

Бірер күнде облыста Pfizer компаниясының вакцинасын егу басталады. Осы мақсатта емханаларды арнайы екпе пункттері құрылып жатыр. Мектеп оқушылары вакцинаны оқу орнында алатын болады.


Соңғы жаңалықтар