СҚО-да «Крещение» мейрамында су қоймаларында мобильді топтар кезекшілік етеді

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Православтықтардың діни мейрамы 19 қаңтар атап өтіледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО өңірлік коммуникациялар қызметінде «Крещение» мейрамына қатысты құтқарушылар арнайы брифинг өткізді. Православтықтардың діни мейрамы 19 қаңтар атап өтіледі. Бұл күні адамдар су қоймаларында арнайы әзірленген ойықтарға суға түсіп, шоқындырылған судан ыдыстарына құйып алады. Сенім бойынша, мұндай су бір жыл бойы бұзылмай сақталады және оны емге пайдалануға болады.

«Өткен жылдардың тәжірибесіне сүйенсек, бұл күні суға шомылатындар саны көп. Осыған орай Петропавлда Есіл өзенінде, қалалық саяжай және өзен порты аумағында екі орын әзірленеді. Бескөл елді мекеніндегі көлде ойық ойылады. Тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін өзен-көлдердегі мұз қалыңдығы өлшенді. Есіл өзенінде мұз бар болғаны 16-40 см аралығында ғана», - дейді СҚО төтенше жағдайлар департаменті жедел-құтқару жасағының жетекшісі Сергей Черкасов.

Сондықтан 18 қаңтар күні сағат 23.00-ден бастап халық шомылуға арналған мұз ойықтардың жанында мобильді топтар кезекшілік етеді. Өтімділігі жоғары техника мен сүңгуірлер де оқыс оқиғаларға дайын болмақ.

«Бұл күн тыныш өтуі үшін тұрғындардан қауіпсіздік шараларын сақтауды сұраймыз. Мұз ойыққа ылғайлы, тайғанамайтын аяқ киіммен келген дұрыс, бұл суықтан аяқтың сезімталдығын да жоғалтпауға сеп. Сондай-ақ арнайы мамандар бар жерлерде ғана суға шомылу, спирттік ішімдік ішпеу, мас болып суға түспеу, өзімен бірге үй жануарларын әкелмеу, арттарынан қоқысты қалдырмау, суық суда 1 минуттан артық болмау қажеттігін еске саламыз. Мұз биыл жұқа, сол себепті мұз үстіне 20 адамнан артық шықпауды сұраймыз», - дейді Сергей Черкасов.

«Қазгидромет» РМК-ның болжамынша, бұл күндері СҚО-да қатты аяз болмайды. 18 қаңтар күні өңірде күндіз ауа температурасы -7-12 градус аралығында болса, түнде термометр -10-15-ті көрсетпек. Ал 19 қаңтар күні күндіз сынап бағанасы -10-15, облыстың шығысында -18, түнде -13-21 градус аралығында болады деп болжанған.


Соңғы жаңалықтар