СҚО-да көзі жойылған ауру мал үшін 37 млн теңге өтемақы төленді

None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Былтыр Солтүстік Қазақстан облысында көзі жойылған ауру мал үшін тұрғындарға 37 млн теңге өтемақы төленді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО Ветеринария басқармасының мәліметінше, өңірде эпизоотиялық тұрақтылықты сақтау мақсатында жануарлар мен құстардың 9 аса қауіпті және 3 энзоотиялық ауруларына қарсы профилактикалық егулер жүргізіледі. Бұдан басқа былтыр 14 ауруға диагностикалық және 2 ауруға аллергиялық зерттеулер жүргізілген.

«Былтыр 5,4 миллионға жуық мал қауіпті ауруларға қарсы егілді. Оның ішінде сібір жарасы, қарасан, құтырма, нодулярлы дерматит, пастереллез, жылқы ринопневмониясы, вирустық диарея, инфекциялық ринотрахеит және құс тұмауы бар. Эпизоотияға қарсы іс-шараларды жүргізугі 182 млн 397 мың теңге қаржы бөлінді, оған 3 млн 759 мың дана ветеринарлық препарат алынды. Бұдан басқа 1 млн 450 мың зерттеу жүргізілді», - дейді СҚО Ветеринария басқармасының басшысы Берік Әлжанов.

Зерттеу нәтижелері бойынша бруцеллезбен ауыратын 574 бас ірі қара мал анықталған, бұл 2020 жылға қарағанда 515 басқа аз.

«Былтыр 3 ірі қара малда туберкулез, 40 малда лейкоз анықталды. Жалпы, ауру малдары жойылған тұрғындарға 402 бас үшін 37 млн теңге өтемақы төленді.

2020 жылы бруцеллез 13 елді мекенде анықталса, былтыр төртеуге аз болды: Тауағаш, Плоское, Боголюбово, Толмачевка, Камышлово, Көбенсай, Бескөл, Пеньково, Шаховское елді мекендерінде ауру ошағы анықталды», - дейді Берік Әлжанов.

Биыл аса қауіпті ауруларға қарсы алдын алу іс-шараларымен 5 633,7 мың мал қамтылады. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 226,1 мың басқа артық. Бұдан басқа шамамен 1,5 млн малға диагностикалық зерттеулер жүргізілмек.


Соңғы жаңалықтар