СҚО-да көші-қон заңнамасын бұзудың 800-ден астам дерегі анықталды

Фото: None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында полицейлер көші-қон қызметіне қатысты заңнаманы бұзудың 804 дерегін анықтады, 45 шетелдікті елден шығаруға сот шешім қабылдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, биыл 7 айда көші-қон қызметі заңнамасын бұзуға қатысты анықталған 804 деректің 655-і - шетелдіктердің елде болу мерзімдерін бұзуына, 149 факті – шетелдіктердің ел аумағында заңсыз жұмыс істеуіне қатысты. Осыған орай 28 жұмыс беруші жауапкершілікке тартылды.

Сонымен қатар, 624 заңды және жеке тұлға полицияға шетелдіктердің бар екендігін уақтылы хабарламағаны үшін жазаланды. Қайыр сұрап, жұрттың мазасын алғаны үшін 2 шетелдік жауапқа тартылды. Сот көші-қон заңнамасын бұзғандарды елден шығару туралы 45 шешім шығарған. Полиция қызметкерлері ел аумағынан кету туралы сот шешімін орындаудан жалтарған 3 шетелдікті анықтады.

Күнделікті полиция қызметкерлері шаруа және фермер қожалықтарын, ауыл шаруашылығы кәсіпорындарын, құрылыс нысандарын, базарлар, вокзалдар мен шетелдіктердің болуы ықтимал өзге де жерлерді тексереді. Мақсаты – шетелдіктер тарапынан көші-қон қызметі заңнамасының бұзуды анықтау және жолын кесу, сондай-ақ шетелдік жұмыс күшін заңсыз пайдалану фактілерін анықтау.

«Көбінесе шетелдіктер тіркеу мерзімін өткізіп алады немесе оларды қабылдайтын тарап өздерінде жүрген шетелдіктер туралы көші-қон қызметіне уақтылы хабарламайды. Қазақстан Республикасында тіркеусіз 30 күн болуына рұқсаты бар шетел азаматтары тіркелуге уақыт бар деп жүріп алады. Алайда, бұл қате пікір: заңнамаға сәйкес шетелдік бірден тіркелуі қажет, кешігу – сот шешіміне сәйкес ескертуге, айыппұл төлеуге немесе елден шығаруға әкеп соғады. Шетелдіктер арасында құқық бұзушылықтарды анықтау бойынша жұмыс жалғасқан», - дейді СҚО ПД Көші-қон қызметі басқармасы бастығының орынбасары Ермек Нұсырбаев.


Соңғы жаңалықтар