СҚО-да көші-қон заңнамасын бұзған 16 шетел азаматы елден шығарылды

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат - Шетелдіктердің тарапынан жасалатын негізгі тәртіп бұзушылық Қазақстанға заңсыз келу және елден шығу, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі СҚО Полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Өңірдің Көші-қон қызметі басқармасы «Мигрант» жедел-профилактикалық іс-шарасын қорытындылады.

«Петропавл қаласындағы құрылыс нысандарының бірінде заңсыз жолмен нәпақасын тауып жүрген Өзбекстан Республикасының 5 азаматын анықтады. Шетелдіктер Қазақстан аумағына қаңтар айының басында жеке мақсатпен келгенін айтып енген. Алайда, ақша таппақ болып, көші-қон заңнамасын бұзды. Оларға қатысты ҚР Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы Кодексінің 517-бабының 5-бөлігі бойынша хаттамалар толтырылды. Сондай-ақ, олар әкімшілік қамауға алынды», - делінген хабарламада.

Департамент дерегіне сүйенсек, тәртіп сақшылары құрылыс нысандарынан бөлек, базарлар мен сапаржайды, сол сияқты шетелдіктердің топтасып қоныстанған орындарын тексерген. 5 күндік шараның нәтижесінде шетел азаматтарының Қазақстан аумағында болу ережелерін бұзуының 259 фактісі анықталды. Облыстың соттың қаулысымен ел аумағынан 16 шетел азаматы шығарылды.

СҚО Полиция департаменті Көші-қон қызметі басқармасының бастығы, полиция майоры Талғат Әбіловтің айтуынша, өткен жылы солтүстікқазақстандық сақшылар 5 жедел-профилактикалық іс-шарасын өткізді.

«Олардың үшеуі - республикалық көлемде ұйымдастырылды. Жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде 3 мыңнан астам шетелдік азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Соттың шешімімен 189 шетелдік елден шығарылды. Олардың жұмыс күшін заңсыз қолданған 100 жұмыс беруші жауапқа тартылды. Сондай-ақ, 12 айдың қорытындысы бойынша мемлекеттік шекараны заңсыз жолмен кесу, ел аумағынан шығару туралы сот шешімін орындамау мен заңсыз көші-қон ұйымдастыру бойынша 44 қылмыстық іс қозғалды. Заңсыз көші-қонға қарсы жұмыстар жалғасуда», - дейді ол.

Соңғы жаңалықтар