СҚО-да көшеде себепсіз жүргендер айыппұл төлеп жатыр

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында карантин уақытында қоғамдық орындарда алаңсыз қыдырып жүрген 58 адамға әкімшілік хаттама толтырылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, өңірде шектеу шаралары енгізілгеніне қарамастан, әлі күнге арқаны кеңге салып, бейсауат көше кезген тұрғындар кездесуде. Карантин режімін бұзушыларды анықтау мақсатында полицейлер күнделікті рейд өткізеді.

Осындай іс-шаралардың бірі Петропавлда кешкі сағат 20.00-ден кейін ұйымдастырылды. Көшеде бірен-саран жүргінші кездескенімен, көлік ағыны басылар емес. Олардың басым бөлігі – тапсырысты жеткізу қызметі мен такси жүргізушілері. Алайда, карантин режімін бұзушылар да кездеседі.

Екі ер адам техникалық қызмет көрсету стансасында жұмыс істейді. Карантин уақытында бұл қызметтің түрі тоқтатылмағанымен, жұмыс уақытына шектеу бар. Жұмыс үш сағат бұрын аяқталғанымен, олар қала көшесінде жүр. Тәртіп сақшылары олардан түсінік алу үшін полицияның аймақтық пунктіне жеткізді.

«Төтенше жағдай кезінде жұмыс істейтіндер түнгі уақытта жүруге негіз жоқтығын түсінулері керек. Дүкендер мен басқа ұйымдар кешкі сағат 18.00 дейін ғана жұмыс істейді. Жұмыс істейтіндерге үйі мен жұмысы арасында жүруге ғана рұқсат бар. Қала тұрғындарының көпшілігі жауапкершілікпен үйінен шықпай отырғанда, кейбіреулер осылайша қала ішін аралайды», - дейді Петропавл қалалық ПБ ППБ комардирінің міндетін атқарушы Қанат Әлімжанов.

Тәртіп сақшыларының айтуынша, алты күннің ішінде төтенше жағдай режімін бұзудың 106 дерегі тіркелді. 58 адамға айыппұл салынды.


Соңғы жаңалықтар