СҚО-да коронавирустан қайтыс болғандардың саны 130-ға жетті

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында коронавирустан қайтыс болғандардың саны 130-ға жетті, олардың екеуі вакцинаның толық курсынан өткен, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Нұрлан Аймановтың айтуынша, өңірде коронавирус бойынша әлі де қатерлі жағдай сақталып отыр. Өңірде коронавируспен ауырғандарға арналған 1715 орын болса, соның 707-сінде науқастар жатыр. Олардың 112-сінің жағдайы ауыр, оның 75-і жансақтау, 37-сі қарқынды терапия бөлімшесінде жатыр. 16 адамның жағдайы аса ауыр. Бұдан басқа 396 адам оттегі баллондарымен ғана дем алып жатыр. Яғни олардың да жағдайы нашар.

«15 шілдеден бастап СҚО-да 87 адам қайтыс болды. Неге 15 шілдеден бастап есептейміз, өйткені осы күннен бастап біз «қызыл» аймаққа кірдік. Пандемия басталғалы осы күнге дейін 43 адам ғана көз жұмса, тек 1,5 айдың ішінде ғана одан екі есе көп – 87 адам қайтыс болған», - дейді Нұрлан Айманов.

Амбулаторлық ем алып жатқандардың саны – 1955 адам. Олардың жағдайлары қалыпты, тиісті деңгейде ем-дом алып жатыр.

«Қазіргі уақытта медицина қызметкерлеріне: дәрігерлерге, медбибілерге санитарлық қызметкерлерге моральдық тұрғыда да өте қиын. Науқастар да, олардың туған-туыстары да күйіп-піседі, абыржиды, осыған байланысты айтайын дегенім, коронавируспен қатты ауырып жатқандарға қиын, олардың туыстарына да оңай емес, өйткені сырқаттан айрылып қалу көрсеткіші өте жоғары. Олардың басым бөлгі «дельта» штамымен ауырып жатқандар.

Соңғы кезде адамдардың маска тақпай, ара қашықтықты сақтамай жүргенін көретін болдық. Бізге ауырып түсіп жатқандардың қайсысынан сұрама – не тойда, не батада болған. Шектеу шараларына байланысты бата, қырқы, жылы көп адамдардың қатысуымен үйде өтетін болған. Табиғат аясына да топпен шығып, туған күн, түрлі мерекелерді атап өтеді. Сақтансаң – сақтармын деген бар», - басқарма басшысының орынбасары.

СҚО-да бірінші компонентпен 222 139 адам, толық вакцинациядан 190 858 адам өтті.

«Екпе алғандардың 931-і КВИ жұқтырған. Бұл барлық ауырғандардың бір пайызына да толмайды. Олардың басым бөлігінде ауру белгілері болмаған. Жалпы 1 ақпаннан бастап 6 100 адам стационарларға жатқызылған. Ал вакцинациялау курсынан өткендердің 487-сі ауруханаға жатқызылды. Екпе алғандардың тек 19-ы ғана жансақтау бөлімшесіне түскен. Олардың екеуі қайтыс болды. Бұл сырқаттардың басқа да аурулары болған, коронавирустан олар асқынған. Яғни облыста барлық қайтыс болған 130 адамның бұл -1,5 %-ы, республикадағы орташа көрсеткіш – 2,3 %», - дейді Нұрлан Айманов.


Соңғы жаңалықтар