СҚО-да коронавирустан емделіп жатқан әрбір оныншысы науқас жансақтау бөліміне түседі

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавлдағы инфекциялық стационарларда ем алып жатқандардың орташа жасы – 60-тан асқандар. Қосымша дерттері бар бұл науқастардың шамамен әр оныншысы жансақтау бөлімінен өтеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Петропавл қалалық көпсалалы аурухананың бас дәрігері Жанна Мауытованың айтуынша, «Өзіңізді күтіңіз, жақыныңызға жанашыр болыңыз!» деп бекерден айтылмаған. Аурухана жанынан ашылған инфекциялық стационарда ем алып жатқан ауыр халдегі науқастардың орташа жасы – 60-65 аралығында. Бұл адамдардың қосымша түрлі дерттері бар. Қант диабеті, артериялық гипертензия, жүрек аурулары – мұның бәрі коронавирус жұққан кезде асқынып кетеді.

«Коронавирус инфекциясы әлі күнге толық зерттеліп болған жоқ. Бұл аурумен күреске біз әрине шілде айымен салыстырғанда, қазір айтарлықтай дайынбыз. Тәжірибе жинадық. Бүкіләлемдік денсаулық сақтау ұйымының әдістемелік ұсыныстарын, елімізде әзірленген емдеу протоколдарын назарда ұстап отырамыз. Біз қазір бұл аурумен күреске дайынбыз», - дейді Жанна Мауытова.

Петропавл қалалық көпсалалы аурухана жанынан маусым айында инфекциялық бөлім ашылды. Ол бастапқыда провизорлық стационар қызметін атқарды.

«КВИ-мен байланысты қазіргі жағдайда 15 қыркүйектен бастап 100 орынға шақталған біздің бөлім инфекциялық стационарға ауыстырылды. Ол коронавирус жұқтырған және қауіпті инфекция жұқтыру күдігі бар сырқаттарды қабылдайды. Жансақтау, қарқынды емдеу палаталары да ашылған. Жалпы стационар ашылғалы 1 мыңнан астам адам ем алды. Олардың 9,5 % жансақтау бөлімінен өтті», - дейді аурухананың бас дәрігері.

Маманның айтуынша, әзірге инфекциялық стационарда жұмыс қалыпты. Сырқаттардың күрт өсуі байқалмаған.

«Бастапқыда халықтың бұл ауру жайында түсінігі аз болды, тіпті кейбіреулері сенбеді де. Сол себепті ойын-тойлар, түрлі жиындар ескертулерге қарамастан ұйымдастырылып келді. Қазір мұндай жағдай анағұрлым азайды. Жалпы инфекция дегеніміз – аурудың бір адамнан бірнеше адамға жұғуы. Егер де біз бұл тізбекті тоқтата алсақ, әрі қарай таралуына жол бермесек, аурумен күрес нәтижелі болады», - дейді Петропавл қалалық көпсалалы аурухананың бас дәрігері Жанна Мауытова.


Соңғы жаңалықтар