СҚО-да коронавируспен күреске 1 млрд 475 млн теңге бөлінген

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында коронавируспен күреске 1 млрд 475 млн теңге бөлінген.

Бүгін «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ облыстық филиалының директоры Лариса Гордеева брифинг барысында қаржының қайда жұмсалып жатқанын айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Лариса Гордееваның сөзінше, медициналық сақтандыру қоры коронавирусты емдеу және алдын алу жөніндегі барлық іс-шараларды қаржымен қамтамасыз етеді. СҚО-да қауіпті вируспен күресуге барлығы 1 млрд 475 млн астам теңге бөлінді. Оның 339 млн теңгесіне 23 емдеу мекемесімен халықты емдеуге, соның ішінде стационарларға жатқызуға келісім жасалды. 983 млн теңгесі ерекше еңбек жағдайында жұмыс істеп жатқан медицина қызметкерлеріне үстемеақы ретінде беріледі. Бұдан басқа ПТР-диагностикаға 173 млн теңгенің шарттары жасалған.

«Наурыз-маусым айлары үшін Қор жеткізушілерге, яғни емдеу мекемелеріне көрсеткен қызметтер үшін және ерекше жағдайда жұмыс істеген медицина қызметкерлеріне үстемеақы ретінде шамамен 858 млн теңге төледі. Бұл карантиннің басында бөлінген сомадан жоғары», - дейді «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ СҚОФ директоры Лариса Гордеева.

Наурыз-маусым айларында өңірдегі стационарларда коронавирус пен пневмониядан 882 науқас емделді.

«Қор провизорлық стационардағы әрбір төсек-күн үшін 22 мың теңгеден астам, тәулік бойғы стационарлар үшін – 32 мың теңгеден астам, анестезиология, реанимация және қарқынды терапия бөлімшесінде науқасты емдеген бір күн үшін 70 мың теңгеге жуық қаржыны емдеу мекемелеріне төлейді. Бұдан басқа медициналық ұйымдарға коронавирустық инфекцияны диагностикалау, емдеу және оның асқынуларына байланысты барлық шығындарды өтейді. Мәселен, бір пациентте КВИ-дің жеңіл дәрежесін емдеу 292,6 мың теңгені, орташа - 446,1 мың теңгені, ауыр - 1,5 млн теңгені құрайды. Өте ауыр дәрежедегі сырқатты емдегені үшін Қор 1,7 млн теңге төлейді», - дейді Лариса Гордеева.

Бұдан басқа мобильді бригадалардың жұмысын да қаржыландырады. Қазірдің өзінде өңірде, денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, осындай 96 бригада емханалар мен аудандық ауруханаларда жұмыс істейді. Олардың науқасқа бір барып-келген 5400 теңге тұрады екен.

Медициналық қызметкерлерге үстемеақы төлеу үшін республикалық бюджет есебінен өңірге 983 млн теңге бөлінді. Наурыздан маусымға дейінгі кезеңде Қор қаржы операторы ретінде медицина қызметкерлерінің жалақысына қосымша 570 млн теңгеден астам қаржы төледі. Егер наурызда 493 қызметкер үстемеақы алса, маусым айында олардың саны 1 491 адамға дейін өскен.


Соңғы жаңалықтар