СҚО-да коронавирус жұқтырудың рекордтық көрсеткіші тіркелді
СҚО Денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің мәліметінше, өңірде пандемия басталғалы коронавирус барлығы 19 758 адамнан анықталды. Оның 170-і індетті өткен тәулікте жұқтырды. Бұл – өңірде тіркеліп отырған рекордтық көрсеткіш (10 тамызда – 157, 11 тамызда – 159 адам). Ауырғандардың жоғары үлесі – Петропавлда, мұнда КВИ жұқтырудың 75 жағдайы тіркелген. Аудандар бойынша, ең көп науқас облыс орталығына «тиіп» тұрған Қызылжар ауданында (17 адам) және курорттық аймақ – Айыртау ауданында (15 адам) анықталды. Есіл мен Тайынша аудандарында 11 жағдайдан тіркелсе, қалғандарында бұл көрсеткіш шамамен екі есе аз.
Өңірде коронавирус жұқтырғандарға арналған 1715 орын бар, оның қазір 47% толы. 775 адам ем алып жатыр, 58 сырқаттың жағдайы аса ауыр, олар өкпені жасанды желдету аппаратына қосылған.
Ресми ақпарат бойынша, індет басталғалы СҚО-да 82 адам коронавирустан қайтыс болды, оның екеуі өткен тәулікте көз жұмды.