СҚО-да коронавирус жұқтырған бала саны өсіп барады

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында коронавирус жұқтырған бала саны маусымға қарағанда шілдеде 8,5 есе өскен, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО өңірлік коммуникациялар қызметінде облыстағы коронавирустың таралуы бойынша брифинг өткізген мамандар бұл инфекцияны балалардың да көптеп жұқтырып жатқанын айтты. Жалпы індет басталғалы 839 бала ауырса, биылғы маусымға қарағанда шілде айында жұқтырғандар саны 8,5 есе артқан. Сондай-ақ стационарларға ауырып түсетін балалар саны 4 есе көбейген.

«Осы уақытқа дейін 621 бала тәуір болды. Қазір 218 бала дәрігерлердің бақылауында. Олардың 22-сі стационарда ем алып жатыр, жағдайлары орташа.

Бұрын балаларда коронавирустың белгілері көбінесе болмайтын немесе жеңіл өтетін. Қазір олардың да дене қызуы көтеріледі, өкпелері қабынып, демалулары қиындап, бізге интоксикациямен түседі», - дейді СҚО денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Құмар Күсемісов.

Маманның айтуынша, облыс бойынша қазір 196 бала амбулаторлық ем алып жатыр.

«Тамыз айында мектеп оқушылары арасында 128 жағдай тіркеліп отыр. Сол себепті жаңа оқу жылы қарсаңында ата-аналарды вакцина алуға шақырамыз.

Мектептерге де эпидемиологиялық және карантиндік шаралардың сақталуына қатысты үнемі мониторинг жүргізіледі. Мұғалімдердің вакцина алуы да біздің назарымызда. Әзірге олардың 95,6 %-ы ғана екпе алған.

Облыстың мемлекеттік бас санитар дәрігерінің қаулысына сәйкес, белгілі санатқа жататын адамдар 10 тамызға дейін вакцинаның бірінші компонентін алуға тиіс болатын. Әлі 1 қыркүйекке дейін уақыт бар.», - дейді СҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының міндетін атқарушы Татьяна Горлова.


Соңғы жаңалықтар