СҚО-да коронавирус жұқтырған әйел облыс аумағынан шықпаған

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында коронавирус инфекциясын жұқтырған екінші адам – 40 жастағы әйел, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО денсаулық сақтау басқармасының басшысы Тимур Сұлтанғазиевтің айтуынша, қауіпті індетті жұқтырған әйел Тайынша ауданы Келлеровка елді мекенінің тұрғыны. 1980 жылы туған әйел облыс аумағынан ешқайда шықпаған. Дәрігерлер оны жұқтыруы мүмкін деп тексерген екен.

Оның сырқат екені кеше кешке анықталып, бірден Петропавлдағы жұқпалы аурулар ауруханасына, жеке бокске жатқызылды. Қазіргі таңда оның денсаулығына шағымы жоқ. Дене қызуы және жағдайы бірқалыпты.

Мамандардың айтуынша, Келлеровка елді мекені кешеден бері карантинде. Ал жұқпалы ауруды жұқтырған әйелмен байланыста болғандардың барлығы анықталып, сараптама алынды. Олардың бәрі бүгінде карантинде жатыр.

Бұл – СҚО-да табылып отырған екінші жағдай. Бұған дейін ауырған келіншектің қан сараптамасы қайта тексерістен өткізілуі үшін Алматыға жіберілген еді. СҚО тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Серікбай Қасмақасовтың айтуынша, ол сараптама Алматыға дейін екі күн жүріп барған. Сол себепті қан құрамы өзгеріп, дұрыс нәтиже бермеуі мүмкін. Сол себепті сырқат деп танылған келіншекті карантиннен шығармас бұрын тағы да тексермек. Сараптама карантиннің 13-ші күні жасалынады.

СҚО денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, қазіргі таңда үй карантинінде 494 адам, провизорлық стационарда – 44, ал карантиндік стационарда 30 адам жатыр.


Соңғы жаңалықтар